Жұмыстың көзін тап, қисықтың тезін тап
Жұмыстың көзін тап, қисықтың тезін тап
Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер сақталуда. Бұл туралы облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен өткен облыстық әкімдіктің алқа мәжілісінде облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов облыстың 2015 жылдың қаңтар-наурызындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы хабарламасында мәлімдеді.
Атап айтсақ, 2015 жылдың І тоқсанында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 66,1 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 0,2 пайызды құраған. Өсім электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптау бойынша байқалса, кейбір салаларда төмен көрсеткіш тіркелген. Мәселен, кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, мұнай өнімдері мен химия өнеркәсібінде, дайын металл бұйымдары өнеркәсібі сынды бірқатар бағыттар бойынша көрсеткіш кері кетіпті. Облыс әкімінің сұрағына байланысты облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев кен өндіріс пен химия өнеркәсібіндегі төмен көрсеткішті «Қазфосфат» компаниясының үш өнім түрлері бойынша өндірісті шектеуімен түсіндірді. Дегенмен, облыс әкімі өндіріс саласында «Қазфосфаттан» басқа да компаниялардың бар екенін және бір ғана компанияға қарап отыра бермеу керектігін ескертіп, басқалардың да жұмысын жандандыруды тапсырды. Жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарды атап көрсетті. Ауылшаруашылығы саласының кемшін тұстары да пысықталды. Хабарламашы Жомарт Әмірханов хабарламасында аймақтың өзге де салалары бойынша негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтті. Жалпы, аймақ экономикасы мен әлеуметтік өмірінің қай саласында болсын алғашқы тоқсанда әркелкі жағдай қалыптасқан. Бастысы, айтарлықтай кемшілік байқалмаған. Қуантарлығы ана өлімі тіркелмеген. Бірақ, қант диабеті, жаңадан пайда болған қатерлі ісік, психикалық бұзылу, қан айналымы жүйесі ауруларының деңгейі мен нашақорлық ауруларына шалдығу деңгейі өскен. Ал 2015 жылғы қаңтар-ақпандағы статистика бойынша туу және жалпы өлім деңгейі төмендеген, бала өлімі қайта өскен. Сол себепті облыс әкімі К.Көкірекбаев жақында тағайындалған, осы жиында алқаға таныстырылған денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Ерлан Масалимовке біраз тапсырма берді. Облыста қылмыспен күрес және оның алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілгенімен оң нәтиже бермеуде. 2015 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша барлығы 5697 қылмыс тіркеліп, 57,9 пайызға өскен. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 12,6 пайызға өскен. Оған қоса Ж.Әмірханов хабардар еткендей, биылғы қаңтар-наурыз айларында 241 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға өсіп, 44 адам қаза тауыпты. Бұл келеңсіз жағдайлар бойынша Кәрім Нәсбекұлы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы полиция полковнигі Бекет Аймағамбетовті сұрақтың астына алды. Десек те, облыстың бас полицейі қылмыстық оқиғалардың күрт көбейіп кетуін Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексіндегі соңғы өзгерістермен байланыстырды. Яғни, бұрын қылмыс деп танылмаған жағдайлар жаңа жүйе бойынша қылмыс ретінде тіркеуге алынып жатыр екен. Мәселен, Б.Аймағамбетов біреудің екінші біреуге қарыз ақшасын қайтармауы бұдан былай қылмыстық оқиға болып саналатындықтан, осындай жеңіл-желпі фактілер жалпы статистикаға әсер етіп отырғандығымен түсіндіруге тырысты. Алайда, жол-көлік оқиғалары көрсеткіші де облыс әкімінің сынына ұшырады. Айналасы үш-ақ айдың ішінде 44 бейкүнә жанның жол үстінде қаза табуы қоғам болып ойланатын жайт екенін назарға алған аймақ басшысы облыстық ІІД бастығы полиция полковнигі Б.Аймағамбетовке қауіпсіздік пен қылмыстың алдын алу шараларын барынша күшейтуді тапсырды. Оған облыстың ішкі істер саласының материалдық-техникалық базасының мол мүмкіндігі бар екенін айта келе К.Көкірекбаев департамент бастығына жол-көлік оқиғаларын азайту бағытындағы шараларды босаңсытпау керектігін ескертті. Расымен де облыс әкімі айтып өткендей соңғы екі-үш аптаның ішінде Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандары мен Тараз қаласында орын алған қайғылы жағдайлар жаныңды түршіктіреді. – Сондықтан бұл бақытсыздықпен күресуді бір ғана мекемеге тапсырып, қарап отырмай, қоғам болып қолға алайық. Сол қаза тапқандардың орнында осында отырған кез-келгеніміз болуымыз мүмкін еді. Одан ешкім сақтандырылмаған. Дәл қазір облыстағы жол-көлік оқиғалары өте қиын жағдайда, – деген Кәрім Нәсбекұлы мәжіліске қатысып отырғандарды үлкен ойға қалдырып, ортақ мүддедегі күреске шақырды. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыс әкімдігі энергетика және коммуналды-шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев отын-энергетика кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымының қорытындылары және алдағы жылыту маусымына әзірлік шаралары туралы баяндады. Ол өз баяндамасында былтырғы жылыту маусымы бірқалыпты, ақаусыз өткенін жеткізді. Оған бюджеттік және өз қаражаты есебінен жылыту кешендерінде жүргізілген қалпына келтіру жұмыстарының септігі тиген. Дегенмен, бұл саланың жазылмас «бас ауруына» айналған дебиторлық қарыздар бастан асқан. Ең көп қарыз тұрғындарда қордаланған – 98,7 миллион теңге. Жылыту кәсіпорындарының қарызы да аз емес. Бұл қарыздар бойынша да облыс әкімі біраз басшының жұмысын сынға алып, шұғыл арада қажетті шараларды қолға алуды қатаң тапсырды. Хабарлама барысында М.Төлеулиев биылғы жоспар бойынша қазандықтар мен жылыту жүйесі бойынша 7 жобаны іске асыру көзделгенін айтып өтті. Алқа мәжілісі соңында қаралған екі мәселе бойынша аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма беріп, өзге мәселелер бойынша да тиісті қаулылары бекітілді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».