Майдангерлер мерекелік шеруге аттанды
Майдангерлер мерекелік шеруге аттанды
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Астана қаласында өтетін мерекелік шеруге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков бастаған 17 жамбылдық майдангер қатысады. Олардың қатарында Тараз қаласынан Убажан Амиркенов, Нигмат Ахметов, Балатай Баятов, Төлеген Бақтыбаев, Мұсахан Бердібаев, Зинаида Вострикова, Виктор Карпасов, Михаил Троценко есімді Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар. Сонымен қатар мойынқұмдық Сағаш Абдиров, сарысулық Адамбай Баймаханов, жуалылық Абдукерім Жолдасов, таластық Дүйсенбай Жұмахметов, Т.Рысқұлов ауданынан Игенбек Құрбанов, байзақтық Базарбай Қалдыбаев, меркілік Өмірбек Медетбеков, шулық Ибрагим Мұсаев мерекелік шеруге қатысу бақытына ие болып отыр.
Отан үшін от кешіп, Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосқан майдангерлер мерекелік шеруге облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен сейсенбі күні «Тараз» темір жол бекетінен салтанатты жағдайда аттанды. Салтанатты рәсімге мемлекеттік қызметкерлер, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, ардагерлер мен жастар ұйымдарының, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Жамбыл жол бөлімшесінің қызметкерлері қатысты. Ел ордасы Астананы бетке алған ардагерлерді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтап, сәтті сапар тіледі. Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков сөз алып, аға буын өкілдеріне көрсетіп отырған айрықша қамқорлығы үшін облыс басшылығына ризашылығын жеткізді. Жас ақын Айбек Қадырәлиев майдангерлерге арналған өлеңін оқып берді. Майдангерлер әрқашан да мемлекет қамқорлығында.Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне жергілікті бюджет есебінен 150 мың теңгеден, соларға теңестірілген азаматтарға 30 мың теңгеден, соғыс ардагерлерінің жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне 15 мың теңгеден бір жолғы төлем беру көзделген болатын. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне 100 мың теңгеден, оларға теңестірілген азаматтарға 70 мың теңгеден, Ленинград қаласында қоршау уақытында еңбектенгендерге 30 мың теңгеден, кәмелет жасқа толмаған фашисттік концлагерлердің тұтқындарына 30 мың теңгеден, соғыс ардагерлерінің жесірлері мен тыл еңбеккерлеріне 15 мың теңгеден бір жолғы төлемге қаржы бөлінген. Бұл қаржы Жеңіс күніне дейін толық төленіп бітеді. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мерекелік шеруге қатысуын қамтамасыз етуге де барлық жағдай жасалыпты. Майдангерлердің барлығына бірыңғай киім үлгісі тіктіріліпті. Астанада орналасатын жерлері де мұқият ойластырылып, қастарында қызмет көрсетіп жүру үшін бес адам бекітілген. Олардың екеуі дәрігер. Теміржол бекетінде ардагерлерге гүл шоқтары сыйға тартылып, өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің өнері де көптің көңілін тасытты. Қуаныштан жүздері балбұл жанған майдангерлер қарттығына қарамастан бірлі-жарым биге де шықты. Жиылған халықтың қошеметінде шек жоқ, дүркірете қол соғумен болды. Бұл фашизмнің құрсауынан құтқарып, Ұлы Жеңіс сыйлаған жауынгерлерге деген қалың көпшіліктің риясыз ризашылығы еді. Жерлестерінің құрметінен қуат алған майдангерлер Астанаға көтеріңкі көңіл-күймен аттанды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».