Әлеумет

Мақтан етеміз

Мақтан етеміз

Менің әкем  Тоқберген Нұралиев – майдангер. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында әкемнің рухын ұлықтап, ол кісінің есімін ардақтауды өзіме перзенттік парыз деп санадым...

Тоқберген Нұралиев 1922 жылы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Әке-шешесінен ерте айырылған ол ел басына күн туғанда бауырлары Тоқтыбай және Жиренбаймен бірге соғысқа аттанады. Жаратқанның біздің әулетке берген сыйы болар, қан майданнан елге аман-есен оралған. Әкем 1942 жылы жас сарбаздар даярлайтын курсты аяқтаған соң, майдан даласына жіберіледі. Сол жақта Бірінші Украина майданы құрамында болып, Сталинградтан Польшаға дейін жүріп өтіп, фашистер басып алған қалаларды азат етуге қатысады. 1944 жылы Польшаны азат ету кезінде ауыр жараланып, кейін сол көзінен алған жарақатына байланысты мүгедек болып елге оралады. Елге келген соң тылдағы еңбекке араласып, ұрпақ өсірді. Соғыста көзі мен аяғынан алған жарақаты өмірінің соңына дейін жанына қанша батса да, біздерге бірде-бір шағым айтып, ауырсынған емес. Бұл өлім мен өмір арпалысқан, талай ажалмен бетпе-бет келген майдангердің ұрыс даласында ғана емес, еңбек майданында да ысылғандығынан болар, бәлкім... Кейіннен жан әкем 1993 жылы 70 жасында ұзақ науқастан көз жұмды. Бүгінде ол ортамызда болмаса да, оған деген сағынышымды ақ қағазға түсіріп отырмын. Кейде әкемнен майдандағы оқиғаларды сұрағанымызда: «Қайтесіңдер, лайым, енді соғыс болмасын!» – деп, терең ойға шоматын. Ол уақытты тіпті, еске алудың өзі оған ауыр тиетінін біз сонда түсінбеппіз-ау. Күрсіне отырып соғыста әсіресе, қаншама жастың қыршыннан қиылғанына жаны ауыратын. Әкемнің кеудесіндегі «Ерлігі үшін», «Польшаны азат еткені үшін» медальдары мен «Қызыл Жұлдыз» ордені және басқа да марапаттары әкемнің қан майдандағы өмір мен өлім арасында жүріп көрсеткен ерліктерінің белгісі болса, біз, ұрпақтары үшін зор мақтаныш болатын. Мен де әркез майдангердің қызы екенімді мақтан тұтамын. Әкем 7 кластық білімімен әртүрлі даярлық курстарынан өткен өте сауатты, мейірімді, ақкөңіл кісі еді. Майданнан оралған соң соғыстан кейінгі тұралаған ауыл мен ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында ауылдағы бас көтерер азаматтармен бірге бел шешпей іске кіріседі. Зейнетке шыққанға дейін сол төккен тер мен сіңірген еңбегінің арақасында елге сыйлы болды. Анамыз Бәтіш екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бізге адал еңбектің дәмі тәтті боларын аманат етті. Балаларына арнаулы орта, жоғары білім алуларына мүмкіншілік жасады. Ата-анамыздың мұраты мен мақсаты – ел алғысына бөленген ұрпақ өсіру еді. Ол арман-мақсаттары орындалды да. Бүгінде ұрпағы өсті, өнді. Олар мемлекеттік қызметте, оқу-ағарту, денсаулық саласы сияқты алуан салаларда белсене еңбек етіп, егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, елдің құрметіне бөленуде. Жалпы, ата жолынан айнымаған ұрпақтың әке есімін ұлықтауда жасап отырған еңбектері орасан. Осыдан біраз жыл бұрын біздер, әкемнің ұл-қыздары Жамбыл ауданындағы Пионер елді мекенінде мешіт тұрғызып, оған «Тоқберген ата» деген ат бердік. Жыл сайын 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында біз әкеміз Тоқбергеннің, аталарымыз – Тоқтыбай мен Жиренбайдың рухына арнап, құран оқытып, ас береміз.Себебі ғұмырында таза жолды ұстанып, өзгенің ала жібін аттамаған әкемнің есімін қанша ұлықтасақ та артық болмас, біз үшін. Біз бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған майдан­­герлердің ұрпағы екенімізді мақтан етеміз!

Әсия Нұралиева, Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы.

Жамбыл ауданы.