Әлеумет

Жеңіс туы, желбіре!

Жеңіс туы, желбіре!

1 2 3Жеңіс! Қандай жүрекжарды сөз. Бес әріптен тұратын осы бірауыз қастерлі сөз – Жеңіс үшін миллиондаған жан қыршынынан қиылды. Бала әкесінен, әке баласынан, немере атасынан, асыл жар сүйгенінен айырылды. Шаңырағы ортасына түскен отбасы қаншама. Сондықтан да бейбітшілік сүйгіш адамзатқа Жеңіс – қастерлі әрі қасиетті.

Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыс әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жеңіс туы желбіре!» атты мерекелік мәдени шараға қатысқан майдангер-ұстаздар, тылда еңбек еткен білім саласының ардагерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері және мектеп оқушылары Ұлы Жеңістің қан-қасап қырғынмен келгенін деректі фильмдер және сахналық қойылымдар арқылы көріп, жанарлары жасаурады. Ұлы Отан соғысы тарихындағы қаралы да, қасіретті күн Беларуссияның «Хатынь» деревнясындағы жантүршігерлік қасірет көрсетілгенде екі көзге ерік беріп, залдағы көрермен егіліп кетті. Соғыс боздақтарының рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының тәрбиеленушілері мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің өнерпаздары сахналаған қойылымдар мен «Соғыстан қайтқан солдаттар» және «День Победы» әндері қасиетті Жеңісті паш етті. Жүргізушілердің мемлекеттік және ресми тілде оқыған патриоттық өлеңдеріне де шапалақ үні жауды. Даңқты жерлесіміз Бауыржан Момышұлы бастаған жамбылдық 20 Кеңес Одағы Батырының портреттері көрсетіліп, ерліктерін еске алды. Батырлар рухына тағзым етілді. Жеңіс мерекесіне орай өткізіліп жатқан шараға қатысып отырған майдангер-ұстаздардың есімдері де сахна төрінен айтылды. А.Байталиева мен Ш.Серікұлы шырқаған «Ана туралы баллада», «Смуглянка» әндері де мерекелік шараның мазмұнын аша түсті. Соғыстың сұрапыл көрінісі мен Жеңістің қасиетті қойылымы, мың бұралған би, патриоттық әндер шырқалған соң, «Мәңгілік Елді» мұрат тұтқан тәуелсіз Қазақстанның жас желкендері «Нұрлы жолмен» баянды болашаққа бет алған достықты ту еткен елдің бүгінгі көрінісін жыр жолдарымен жеткізді. Кім-кімнің де рухын көтеретін «Көк тудың желбірегені» әнін шырқап, аспан түстес ел туы кең залды көмкеріп кетті. Шараны ұйымдастырушылар майдангер-ұстаздар мен тылда еңбек еткен білім саласының қызметкерлеріне гүл шоқтарын сыйлады, сый-сияпат жасады.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.