Әлеумет

«ЖЕҢІС ЭСТАФЕТАСЫ» ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ

«ЖЕҢІС ЭСТАФЕТАСЫ» ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында биылғы 2 ақпан күні Беларусь Республикасының Брест қамалынан бастау алған «Жеңіс эстафетасы-2015»-ті қазақстандық шекарашылар ресейлік әріптестерінен Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданындағы Өскемен шекара жасағының «Убе» өткізу-бақылау бекетінен қабылдап алған еді. ТМД мемлекеттері халықтары арасында бірлік пен татулықты нығайту, шекарашы-жауынгерлерді патриоттық рухта тәрбиелеу, аға буын ардагерлерге құрметпен қарау мақсатында өткізіліп жатқан «Жеңіс эстафетасы-2015» сан ғасырлық тарихы бар шежірелі шаһар – Таразға жетті.

«Баласағұн» орталық концерт залында «Жеңіс эстафетасын» сахнаға құрметті қарауыл мемлекеттік Тумен бірге алып шықты. Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің жауынгерлері мен басшылығы, еңбек ұжымдарының өкілдері, студенттер мен оқушылар Жеңіс жәдігері мен мемлекеттік Туға тік тұрып құрмет көрсетті, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ең алғаш жаумен бетпе-бет келген шекарашылардың жанқиярлық ерлігі туралы деректі фильм көрсетілді. Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз алды. – Адамзат тарихындағы ең алапат соғыс – неміс фашизміне қарсы күрестегі Ұлы Жеңіске биыл 70 жыл толып отыр. Бұл – батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен қайсарлықтың жеңісі. Бұл, шын мәнінде, халықтық мереке. Біз бұл жеңісті әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен өткердік. Сол сұрапыл соғыста халқымыздың қаһарман ұл-қыздары тарихта өшпестей із қалдырды. Майданда ерлік көрсеткен 20 жамбылдық Кеңес Одағының Батыры, 7 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Ал елде қалған аға ұрпақ өкілдері тылда ерен еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосты. Бүгінгі өміріміз үшін біз есімдері мен ерліктері тарих бетінен мәңгі өшпейтін аға буынға қарыздармыз. Жеңіс солдаттарының алдында әрдайым бас иеміз. Сонау Белоруссиядан бастау алған «Жеңіс эстафетасы» шекарашылардың соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері мен ерен еңбектеріне көрсеткен құрметтің белгісі деп білеміз. Мемлекеттік шекарамыз – Тәуелсіз елдің айнымас рәміздерінің бірі. Шекара ұғымында ең алдымен еліміздің қауіпсіздігі, шекарашылардың өмірі, батыл қимылдары мен ұйқысыз түндері жатыр, – деді. Одан әрі Бекболат Серікбекұлы Отан қорғаушыларға, барша шараға қатысушыларға ақ тілегін арнап, алдағы мерекелермен құттықтап, «Жеңіс эстафетасына» сәттілік тіледі. Бір топ шекара қызметінің жауынгерлері мен қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыс етті. Оңтүстік өңірлік әскерлері қолбасшы­лығының қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов, республикалық «Застава тарландары» қоғамдық бірлестігінің өкілі, отставкадағы полковник Өтежан Боранғазиев және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің тәрбие, әлеуметтік-құқықтық және кадрлар жұмыстарының бас басқарма бастығының орынбасары, полковник Нұрлан Керімбаев ізгі тілектерін арнады. Шекара қызметінің ардагерлеріне сый-сияпат жасалып, шекара қызметінің ансамблі концерттік бағдарламасын ұсынды. «Жеңіс эстафетасы» Қырғыз елінің шекарашыларына салтанатты жағдайда табыс етіліп, одан кейін Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Әзірбайжан елдерінің аумағынан өтіп, 28 мамыр күні Мәскеу қаласындағы «Поклонная горада» аяқталады.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».