Білім

Өнерге баулу да өнеге

Өнерге баулу да өнеге

Балабақшаларда бүлдіршіндерге рухани мәдени мұраларымыз бен ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты таныстырып, насихаттау бағытындағы жұмыстар сәтімен үйлестірілуде. Бізде де балаларды бейнелеу өнеріне баулудың өзіндік тәжірибесі қалыптастырылып отыр десек те болады. Әсіресе, балғын тәрбиеленушілер қағаздан қиып түрлі пішіндер, оюлар жасау ісіне айрықша қызығушылықпен атсалысады. Олар ұлттық қолөнері бұйымдарын жасап қана қоймай, суреттерін де салады. Осындай жолмен бүгінгі бүлдіршіндер ұяларында сыршырай өнерінің болашақ шеберлерінің машығын жетілдіріп жатпасына кім кепіл. Бұл іс сонысымен де маңызды. Осы салада жинақталған озық тәжірибелерді кеңінен насихаттау мақсатында қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бейнелеу өнері мұғалімдерінің қатысуымен «Қолөнерді пайдалана отырып, балалардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын дамыту» тақырыбында қалалық семинар ұйымдастырылды. Оны өткізу орны ретінде біздің балабақшамыздың таңдалынып алынуы, бұл ұжым еңбегінің лайықты бағалануы деп білеміз. Іс-шараны Тараз қалалық әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Г. Естаева ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан соң балабақшамыздың басшысы Г. Наханова жиынның жалпы бағытына, мақсатына тоқталып, семинардың үш бөлімді қамти, интерактивті тұрғыда жүргізілетінін айтты. Педагогтардың кәсіби шеберлігі мен қызметіне байланысты бейнелеу пәнінің мұғалімі Н. Көбенова «Қолөнер – сұлулық көзі», даярлық тобының тәрбиешісі Б. Байболова «Өнер алды – қызыл тіл», Г. Жүнісова «Даналық әліппесі» тақырыбында ұйымдастырылған оқу-іс әрекеттерінде мектепалды даярлық топтары балаларының жетістіктерін жан-жақты ашып көрсете білді. Қысқасы, бейнелеу өнеріне жаңа тәсілдер енгізу арқылы баланың шығармашылық қабілеті мен қиялын дамыту семинар жұмысының басты арқауы болып өрілді. Cоңынан әдіскер Г. Ақылбекова іс-шараның өтуі барысына талдау жасап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Марал БАЙДУАНОВА, «Наурыз» балабақшасының тәрбиешісі.