Жеңімпаздар!
Жеңімпаздар!
«Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында оқушылар арасында өткен облыстық таңдаулы ғылыми жобалар фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл іс-шараны ұйымдастырған облыстық білім басқармасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы. Фестивальдың алғашқы кезеңі ақпан-наурыз айларында өткізілген болатын. Ал екінші, ақтық кезеңіне облыс мектептерінің 30 оқушысы қатысты. Онда «Конституция – мемлекет негізі», «Тарихи-өлкетану құндылықтары», «Түріміз басқа болса да, құқығымыз бірдей», «Ұлы Жеңістің батырлары» аталымдары бойынша оқушылардың ғылыми жоба жұмыстары сарапқа салынды. Бұл аталымдар бойынша байқаудың бас жүлделерін тиісінше облыстық «Дарын» мектеп-интернатының оқушылары Ақерке Ибрагимова, Дана Абдықұл мен Мейіржан Батырбеков, Әсел Сүндет пен Ақерке Дәулетова, сондай-ақ, Жуалы ауданының Қ. Сағындықов атындағы орта мектебінің оқушысы Ұлдана Дәурен иеленді. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан сертификаттар мен заттай бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ал жеңімпаздар қосымша үлкен олжаға – планшетке ие болды. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Светлана Шевченконың айтуынша, жеңімпаздардың барлық ғылыми жобалары Білім және ғылым министрлігіне республикалық деңгейде марапаттау үшін жолданған. Бұл іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойларына арналды.
Гүлнар ЕСМАХАНОВА, журналист.
Тараз қаласы.