Жаңалықтар

Рота командирі

Рота командирі

Сарғайған майдандық «За Победу» газетінің тігіндісін қарап отырмыз. Әр беттерінен сұрапыл соғыстың қиян-кескі ұрыстары хабар беріп тұрғандай. 1944 жылғы 19 қыркүйектегі санынан көзі оттай жайнаған қазақ офицері жайлы жазылған мақалаға көзім түсті.  Оның тақырыбынан рота командирі, қазақ Тыныбек Қожамқұлов жайлы жазылғанын ұқтық.

«... Біздің бөлім биік жотаға көтерілді. Шабуылды одан әрі жүргізу үшін қыраттың батысындағы 3 километр келетін жерге орналасқан деревняны жаудан тазарту керек еді. Аға командир бұл міндетті орындауды офицер Тыныбек Қожамқұловқа бұйырды. Құрамында 12 жауынгері бар топпен ол жүгеріні паналап елді мекенге бет алды. Олар кішкене өзеншеден өтті. Жүгеріге таяу жерге одан күнмен жарқырап шағылысқан ақ үйдің қабырғасын көрді. Гвардияшылар жерге жата-жата қалып, мұқият барлай бастады. Жаудың пулеметпен тарсылдата ата бастағаны анық естілуде. Бірақ фашист пулеметшілері көзге көрінбеді. Дұшпан үйдің артында. Қарлыққан еміс-еміс дауыстары естіледі. Сол үйдің қасынан бір шаруа көрінді. Дереу Қожамқұлов қол бұлғап, «бізге кел» деп шақырып белгі берді. Әлгі адам лезде гвардияшыларға жетіп келді. Ол өз үйінің артында фашист-пулеметшілердің тұрғанын және көзге түспей барар жолын айтып берді. Гвардия аға лейтенанты Қожамқұлов гвардияшы қызыл әскер жауынгер Н. Ізбасаровқа жаудың станкалы пулеметін жоюды бұйырды. Ол дереу үйдің жертөлесіне орналасқан жау пулеметшілеріне жер бауырлап барып, «беріліңдер» деп дауыстады. Жауап ретінде пулеметпен тарсылдата ата бастады. Ізбасаров жертөлеге танкіге қарсы қолданылатын гранатты сермеп қалды. Гүрс етіп жарылды. Пулемет үнсіз қалды. Әлгі жерден қарусыз екі неміс қолын жоғары көтеріп шықты. Ізбасаров екеуін алдына сап командирге айдап келді. Біреуі орыс тілін шамалы біледі екен. Әлгі неміс Қожамқұлов берген сұрақтарға жауап берді. Деревняда 200 солдат пен офицер бар екен. Ал совет жауынгерлері небәрі 43 адам ғана. Қожамқұлов батыл түрде дереу бір тоқтамға келді. Ол немістерге деревняны түгел қызыл әскерлер темірдей қоршауға алды. Сондықтан оларға қолға түсуден басқа ешбір лаж жоқ деп үлкен сеніммен айтты. Сендерді қазір жіберемін. Басқалары да сендерге ілесіп қолға түссін. Сендер бар дауыстарыңмен «Қолға түсіңдер. Егер олай болмаған жағдайда барлықтарың атылып, жойыласыңдар» деп айқай салыңдар. Дұшпан көшеге шығып Қожамқұлов айтқан бұйрықты екі етпей орындады. Қорыққан немістер бір-бірін үгіттеп айқайлап жүр. Қожамқұлов лезде тағы бір амал тапты. Н. Романов, И. Тарасенко деген өте батыл екі жігітті қаруландырып, деревня ішіне жіберді. Екеуі әр жерде автоматтан оқ боратып атой салды. – Ең бастысы айқай-шуды көбейтіп, көп жауынгер екен деп немістер арасында үлкен үрей туғызу, – деп екі жауынгерге ерекше ескертті командир. Он гвардияшы жүгері арасынан үйдің шатырына тығылған жауға автоматтан оқ төкті. Төрт фашист қолын көтеріп, қаруларын тастап берілді. Бұл төртеуі де бұрынғы екеуіндей айтқанды орындады. Әлгі алтауы бірлесіп бір немісті көшеге жіберді. Қолға түсетіндердің жиналатын орны құдықтың қасы деп ескерткен. Сол неміс қолға беріліңдер деп айқай салып, әр жерге барды. Шешім дұрыс болып шықты. Жау бір-екіден және шағын топпен жиналуда. Көп ұзамай олардың саны 70 адамға жетті. Гвардияшы қызыл әскерлер Тарасенко мен Обручков тұт­қындарды сапқа тұрғызып аға командирге тапсыру үшін тылға алып кетті. Алайда, үйде жасырынған бірен-саран гитлершілер қарсылық көрсетті. Гвардияшылар жауға автоматтан, мылтықты пулеметтен оқ жаудырды. Содан барып, атыс азайып, қарусыз немістер көшеге көптеп жинала бастады. Сөйтіп бес сағатқа созылған соғыстан соң атыс тоқтады. Гвардияшы қызыләскер Романов қолға түскендердің екінші тобын, 80 адамды тылға жөнелтті.

Гвардия аға лейтенанты Г. Мотин».

Бұл рота командирі Тыныбек Қожамқұловтың бір ұрыстағы ерлігі ғана. Ал майданға 1942 жылдың жазында аттанған майдангердің мұндай ұрыстардың талайын бастан кешіргені анық. Ол осы жылы 3-Украина майданы 37-54 армиясы, 10 атқыштар дивизиясының, 19-гвардиялық полкінде Сталинград майданында соғысқа кірді. Бұл кезде Сталинградты қорғау үшін қиян-кескі ұрыстар жүріп жатқан болатын. Волга мен Дон өзендерінің арасында болған соғыста жаудың 700 мың солдаты, 1 мың танкі, 2 мың зеңбірек пен минометі, 1400 самолетінің көзі жойылды. 1942 жылдың күзінде кеңес әскерлері жаудың қорғанысқа көшуіне мәжбүр етті. 1943 жылғы ақпан айында 200 күн мен түнге созылған Сталинград майданында жаудың 22 дивизиясы талқандалды. Кеңес әскерлері 91 мың солдат пен офицерді, оның ішінде 2500 офицер мен 24 генералды пленге алды. Рота командирі аға лейтенант Тыныбек Қожамқұлов Одесса қаласын жаудан тазартуда ерлік көрсетеді. Украинаның оң жағалауын азат етуде толарсақтан қан кешті. 1944 жылы Румыния, Болгарияны жаудан азат ету операцияларына белсене қатысқан 3 Украина майданы әскерлері күз айында Чехославакия және Югославия елдерінде ұрыс жүргізді. Одан кейінгі соғыс Дунай жағалауында жалғасады. Австрияның астанасы Вена қаласын жаудан азат етісіп Жеңіс күнін қарсы алды. Кеудесінде жауынгерлік Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз ордені мен медальдары жарқыраған жеңімпаз офицер Тыныбек Қожамқұлов елге оралысымен ел игілігі жолында тер төкті. Жоғары оқу орнын бітірді. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының «Тасты» кеңшарының директоры, осы облыстың сауда саласында басшылық қызметтерде болды. Жамбыл облысы Сарысу ауданының бас мал дәрігері, аудандық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарып, 1953 жылдан ұзақ уақыт Жамбыл, Свердлов аудандарында шаруашылықтардың бас мал дәрігері болып жемісті еңбек етіп, елеулі еңбек сіңірді. Жұбайы Хатима Қожамқұловамен өнегелі отбасы құрып, бақытты ғұмыр кешті. Үлкен қыздары Аида Қожамқұлова Қазақстанның денсаулық саласының үздігі, құрметті демалыста. Өсіп өнген әулет бұл күнде алып бәйтерекке айналды. Немересі Айбар Боданов қаржы полициясының генерал майоры. Тәуелсіз Қазақстанның өсіп өркендеу жолында игілікті қызмет атқаруда.

Әділ Әділет.

Тараз қаласы.