Мәдениет

Бірлік әнін шырқаған «Сударушка»

Бірлік әнін шырқаған «Сударушка»

Олар зеңгір көктің кескін-келбетін будақ, қара қошқыл бұлт торлап, Көк Тәңірінің әмірімен аспаннан толассыз нұр төгіліп тұрғанда да, ақ ұлпа қар көк жүзінен жер атаулы планетаға ғарыштық жылдамдықпен зуылдап, қауышып жатқан кезде де, дауылдай жүйткіп, сыңси соққан жел дегбіріңді қашырып, тағатыңды тауысқан шақта да, адам баласы дірдек қағып тұрған кезде де жұқа киімдерін үстілеріне желбегей жамылып, саршұнақ аязға да тоңбастан, орталық алаңда «Я люблю эту землю», «Солдат по городу», «Ой, мороз», «Жаңа жыл» әндерін келбеттерінен асқан бір жылылықтың табы байқалып, бебеулете шырқап жататын. Шынтуайтында, оларды дүлей боранда тоңдырмай, бойларын жылытатын сол өнердің, әннің жылылығы, әнге, Отанға деген махаббаттың ұшқыны шығар бәлкім. Баянды еппен ырғаққа келтіріп, ылғи да көңілді жүретін – «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі.

Ол кезде біз шыбықты ат қылып мініп, шауып жүрген бала едік. Сол бала көңілмен «Сударушканың» әндерін тыңдайтынбыз. Иә, халықтық-фольклорлық ансамбль 1997 жылы іргесін қалап, уығын қадады. 2004 жылы жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін «Халықтық» атағы берілді. «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі аудан көлемінде өткізіліп жатқан барлық мерекелерге Мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірлесе отырып, өз өнерлерімен көрермен қауымды қуанышқа бөлеп келеді. Ансамбльдің репертуары бай, онда орыстың халық әндері мен басқа да халықтардың әндері кеңінен орын алған. Тараз қаласында Т.Рысқұлов ауданының көркемөнерпаздарының «Мәдениет және өнер» күндеріне арналған есепті концертінде өздерін жоғары деңгейде көрсете білді. Шығармашылықпен еңбек ететін өнер ұжымы репертуарларын үнемі жаңалап, жаңа әндермен толықтырып отырады. Ансамбль мүшелері аудан орталығында ғана өнер көрсетіп қоймай, елді мекендерге шығып концерт қоюды дәстүрге айналдырып келеді. Ансамбль орындалатын әндерге сәйкес сахналық киімдермен қамтамасыз етілген. Орыс өкілдерінен тұратын өнер ұжымы үлкен шығармашылықпен еңбек етеді. Жыл сайын көрермендер алдында есептік концерттерін беріп отырады. 2010 жылы «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі аттестациядан өтіп, өздерінің атақтарын қорғап қайтты. 2011 жылы облыс әкімдігінің мәдениет басқармасының халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қаратау қаласында «Жер ұйығым Жамбылым!» атты облыстық фольклорлық-этнографиялық фестиваліне «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, бағалы сыйлықтармен, мақтау қағазымен марапатталды. Иә, Любовь Левицкая, Елена Промогайбо, Евгения Цхай бастап, өзгелер қоштаған «Сударушка» әрдайым халықтың көңілінен шығып жүр. Достық, татулық, бірлік әндерімен де жұртты тәнті етуде. Халықтық фольклорлық ансамбль әлбетте «халықтық» атауы бар болған соң елдің көңілін көтеруді, солардың ойынан шығуды көксейді. Бұл миссия орындалып та жүр. Ансамбль әндерін тыңдай отырып, дәуірлерге сапар шегесің. Дән риза боласың. «Өнер өлмейтініне» сендіреді...

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.