Қазақ жерінен бақытын тапқан
Қазақ жерінен бақытын тапқан
Ауданда бірнеше ұлт өкілдерінен құралған ауылдар аз емес. Мәселен, Қасықта тұратын он шақты ұлттың арасында әзірбайжандардың саны жүзден асады. Олар өзге елді мекендерде де кездеседі. 1944 жылы туған жерінен зорлықпен қоныс аударылған қарашай, балқар, шешен тәрізді тау халықтарының қатарында әзірбайжандардың да тағдырын сұрқия саясат қазақ жерімен тамырластырып еді...
...Биігі көкпен таласқан Кавказ шыңдарын орай зілмауыр бұлттар жөңкілуде. Күз еді, алдағы қыстың да ызғары сезіле бастаған. Батыстағы соғыс өрті жалындап жатқанына төртінші жыл. Еңсені басқан сұрықсыз да, суық сол күндердің бірінде бұлардың ауылына лек-легімен келген жүк көліктеріне әй-шәйға қаратпастан жұртты тиеді де алып жөнелді. Қайда апаратыны белгісіз, ешкім ештеңені түсіндіріп жатпады. Әркім қолға іліккенін ғана алып, қаншама жыл тірнектеп жинаған қайран малы, үй-жайы бар дүниесімен қала берді. Сол бойы теміржол стансасынан бір-ақ шығып, енді топ-тобырымен жүк пойызына тиелді. Онда да кәдімгі мал таситын вагондарға мінгізіп, ұшы-қиырсыз ұзақ жолмен белгісіз жаққа селкілдетіп ала жөнелді. Бастарына төнген қатерден есі шыға қорыққан, аш-жалаңаш жұрт жолай азып-тозып, індеттен өлгендерін жол бойында қалдырып, өлмегендері бір-біріне тығылып үрей құшағында беймәлім шығысқа қарай келе жатты. Апталап жүріп жеткен жері Фрунзе деген қала екен. Одан бұларды ат арбаларға тиеп тұс-тұсқа қарай бөліп әкетті. Абасқұлдың отбасы мінген арба Шу өзенінен өтіп барып, бір ауылдың іргесіне келіп тоқтады. Бұл қазіргі Қасық ауылы еді... Бүгінде жетпіс төрт жастағы Конча Ибрагимованың есінде бұл жайлар сақталмаған. Өйткені, ол кезде небәрі үш жасар бүлдіршін еді. Кейіннен үлкендердің айтуымен сол бір сұрқия заманның ауыртпалығын шын сезініп, ұлт басына төнген қасірет үшін талай мәрте жүрегі жаншыла қайғырып еді. Күштеп қоныс аударылып келіп алғаш қазақ жерін басқанда бұл әзірбайжан отбасында төрт адам – әке-шешесі Абасқұл мен Мәлай Зейналовтар, үш жасар қызы Конча мен екі жасар ұлы Зейнал ғана болатын. Қайда келгендерін білмей аңтарылып, бөтен өңді бейтаныс адамдарға үркектей қарап тұрғандарында, олардың бірі әкесін арқасынан қағып, балаларын қолдарынан жетелеп үйлеріне кіргізген. Иманжүзді бұл адамдардың қазақтар екендігін естіп білгенмен, бұдан былайғы тағдыры солармен мәңгілікке тамырласарын ол кезде білген жоқ әрине. Содан бері жетпіс жылдан аса уақыт өтті. Кончаның өзі, мінеки, он шақты немере, шөбере сүйген әжеге айналды. Қасиетті қазақ жеріне тастай батып, судай сіңді деген осы. Аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, сол қиын кездерде өздері аш отырса да балаларының аузынан жырып бұларға жанашырлық танытқан қазақтардың арқасында аман қалғандарын қалай ұмытсын. Бастапқыда үйлерінің бір бұрышын паналатса, балаларына айран-сүт болатын, көже-қатықтық мал құрап беріпті. Кейіннен баспана тұрғызуына көмектескен. Үлкендер қазақтармен бірге мал да бақты, бақша да екті, егістік те суғарды. Балалары да қаршадайынан қазақ балаларымен бірге ойнап өсіп, солармен бірге белі қайыса еңбекке араласты. Сөйтіп, ел қатарына қосылғандарын әке-шешесі өмірден өткенше аузынан тастамайтын. Енді бұл мұны өз балалары мен немерелеріне айтуды парыз санайды. Әрине, әке-шешесі туған елі Кавказды сағынып, бір көруді аңсайтын. Сол арманға жете алмаған күйде алпысыншы жылдары өмірден өтті, торқалы топырақ қазақ жерінен бұйырды. Ал Кончаның іні-сіңлілері қазақ даласын туған жері санайды. Расында да Сакина мен Салтанат осында келгеннен кейін дүниеге келді емес пе? Шүкір, бәрі де балалы шағалы болды, қазір Бішкекте тұрады. Кавказдан екі жасында келген інісі Зейнал да отбасымен Лубзаводта мекендеп қалды. Конча әженің өз кіндігінен бес бала өмірге келсе, олардан тоғыз немере, бір шөбере сүйіп отырғанын мақтанышпен айтады. – Шүкір, ұрпағым қамсыз қанат жайып келеді. Пейіліне қарай қазақ еліне Құдай қарайласуда. Елбасымыз да бір иманжүзді адам болды. Елдегі тыныштық пен ұлттардың татулығы сол кісінің арқасы деп білемін, – дейді қарт әже шырайланып. Айтпақшы, кешегі Президент сайлауына осы үйден өзі бас болып, келіндері, немерелері болып он шақты адам дауыс беруге барған. Оның ішінде Диана мен Света кәмелеттік жасқа толып алғаш рет сайлауға қатысыпты. Конча әженің немересі Диананың Қордай ауылдық әкімдігінде жұмыс істей бастағанына алты ай өтіпті. Қасықтағы орта мектептен соң, Ноғайбай ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжінде оқып, бағдарламашы мамандығын игерген пысық қыздың қазақ тілінде еркін сөйлейтіні тәнті еткені рас. – Аға, қазақ ауылында дүниеге келіп, қазақ балаларымен он жыл бір партада отырсам, тіпті, көршілерімізге дейін қазақтар болса, таңданатын не бар? – деп күледі. Сосын, сәл ойланып барып: – Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен сессиясында Президентіміздің халықтың бір-біріне және қиын кезде өздерін қабылдап, туғанындай мейірім көрсеткен қазақ халқына алғыс білдіру күнін белгілеу туралы ұсынысы өте дұрыс деп білемін. Қазақтарға қарата мұндай алғысты ұдайы әжемнің аузынан естіп те келемін... Қасиетті қазақ жерінен бақытын тапқан әзірбайжан әулетінің ұрпағы, міне, бүгін осылай дейді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.