Саясат

Тату елдің шығар тауы биік

Тату елдің шығар тауы биік

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында «Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда... Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде әлемге үлгі» деген болатын. Шынында, бірлігі жарасып, берекесі артқан байтақ еліміз – баршаға үлгі мен өнеге. 1995 жылдың 1 наурызында ҚР Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы кеңесші орган ретінде құрылған Ассамблеяның қаншалықты қажет екендігі және саяси салмағы бүгінгі таңда айқындалып отыр. Құрылғалы бері Қазақстанды мекен етіп, осында өсіп, өркендеген түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, бір шаңырақ астына топтастырған бұл кеңесші органның елдің саяси тынысына ерекше леп әкелгенін атап өткен жөн. Бүгінде облысымызда да Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы өзіне берілген бар мүмкіндікті пайдалана отырып, татулықты арттырып, тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында аянбай еңбек етуде. Өңірде 26 облыстық және 47 аудандық этномәдени бірлестік бар. Олардың әрқайсысының алар орны ерекше. Жалпы, ҚХА мен елді мекен еткен барлық ұлт пен ұлысқа деген шексіз құрметті жуырда елордамыз Астананың төрінде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: Бір ел – бір тағдыр» деген атпен өткен ХХІІ сессиясына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Онда облыстан барған 54 азаматтың қатарында мен де болдым. Осындай маңызы зор шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Ассамблея мүшелеріне, көп ұлтты Қазақстан халқына өз сөзін арнады. Бұл жиын бұрынғыдан өзгерек өткенін айта кету керек. Өйткені, биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Осыған орай жер-жерлерде мәдени, рухани шаралар көптеп өткен болса, сессия жұмысы солардың нәтижелі қорытындысы болды. Алқалы жиында Ассамблеяның 20 жылдығымен қатысушыларды құттықтаған Елбасы: «Біз биыл Ассамблея жылын атап өтудеміз. Бұл – Ассамблея арқылы нығая түсетін ел бірлігінің жылы. Тарихи жылда біз мызғымас бірлік пен ұлы Отанымызға деген сүйіспеншілікті ұлықтай түсеміз... Менің басты бастамаларым: «Қазақстан – 2030, 2050» Стратегиялары, Индустрияландыру картасы, «Нұрлы жол» бағдарламасы, 5 халықтық реформа – мұның барлығы елдің тұрақты дамуына кепіл болатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін көпжылдық мегажобалар. Оны болашақта біртұтас елге айналған жалпыхалықтық механизм ғана жүзеге асыра алады. Біз мүмкін Сіздермен бірге осы уақытқа дейін еш жерде болмаған халықтар достығының моделін құрып жатқан болармыз», – деген болатын. Халқымыздың қалауымен қайта биік тұғырына қонып, өзінің, шын мәнінде, елді биік белестерге жетелейтін жолбасшы екенін дәлелдей алған тарихи тұлғаның бұл сөзіне біздің еш қосып-аларымыз жоқ. Ассамблея құру идеясын ұсынып, ұлттар достастығының қайталанбас институтын қалыптастырған Н.Ә.Назарбаевтың қай сөзіне де ілесе алатынымызға, оның барлық бастамаларын қолдап, қолымыздан келгенше, хал-қадіріміз жеткенше татулықтың жолында жұмыс жасай беретінімізге сендіргім келеді. Менің бір байқағаным, бүгінде алқалы топта сөз алып, елге ризашылық сезімін жеткізіп жүрген түрлі ұлт өкілдері қазақ тілін еркін меңгеріп, халыққа құрмет – оның ана тіліне деген құрмет екенін білдіріп жүр. Қазақ тілін меңгеріп қана қоймай, оның дамуына үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Ал болашағын ойлайтын, Мәңгілік Ел болуға талпынып жүрген кез-келген мемлекет тіл саясаты арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болатынын анық аңғарса керек. Сондықтан болар, еліміздегі үш тұғырлы тіл саясатының жеміс бере бастағаны. Елбасы сессияда сөйлеген сөзінде: «Бәсекеге қабілетті болу үшін үш тұғырлы тілді дамытуға қарқын қосуымыз қажет, – дей келе, – әлемдегі негізгі ақпараттарға қолы жетпейтін ұлт бәсекеге қабілетті бола алмайды. Сондықтан, ғылымда, медицина жұмыс істейтін азаматтар ағылшын тілін дереу үйренуі керек. Бұл өте қажет. Мұқият ескеруі керек», – деп ескертті. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейтін қазақ халқының қай ісі де ілгері қадам басуға бастайтыны анық. Қазақстандағы кемеңгер елдің келешегі жарқын болатыны сөзсіз. Сондықтан, сессияда көтерілген барлық бастама баянды болады деген сенімдемін. Ассамблея мүшелерінің барлық талап-тілектері ескеріліп, олардың мүдделеріне нұқсан келтірілмей, қайта барынша мол мүмкіндік туғызып, Заңды түрде мәртебе берілгендігін біз зор қуанышпен қабыл алуымыз керек. 2008 жылдың 20 қазанында ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына қол қойылған болатын. Онда этносаралық қатынастар саласындағы негізгі ұстанымдар айқындалған. Сол Заңда көрсетілгендей, Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға тиіс. Біздің атқарған барша жұмысымызға қарап отырып, әу баста айқындалған барлық мақсат-мүдде толыққанды жүзеге асырылып жатқандығын аңғарамыз. Ендеше, елдік пен бірлікті ту еткен Ассамблея жылы құтты болсын! Ел тыныштығы бұзылмасын!

Лариса Лысова,

облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы.