Ел бірлігі мерекесі құтты болсын!
Ел бірлігі мерекесі құтты болсын!
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың облыс тұрғындарын 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні мерекесімен құттықтауы
Құрметті жамбылдықтар! Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – қасиетті Отанымызда өмір сүріп жатқан барлық этностар достығын паш етіп, ынтымағы ұйысатын күн. Халқымыздың Ұлы Отанға деген мәңгілік сүйіспеншілігін ұлықтай түсетін күн. «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмақ. Осыны халқымыз бек түсініп, бірлігіне бекем болды», – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткендей, Қазақстан тұрақтылық, тыныштық пен қоғамдық келісімнің арқасында қарыштап дамып келеді. Бүгінде Орталық Азиядағы жетекші орындағы бақуатты ел атандық. Халықаралық беделіміз артты. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы барлық жетістіктеріміз – қазақстандықтардың еңбегі мен тұтастығының нәтижесі. Біз биыл татулығымыздың түп қазығына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтудеміз. Ассамблея елдігіміздің қалыптасуы мен тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында, өрлеу мен өркендеу жолындағы экономикалық реформаларды жүзеге асыруда айрықша рөл атқаруда. Алдымызда Мемлекет басшысы белгілеген «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан – 2050» стратегиясын, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Бес халықтық реформаны» орындау мақсаттары тұр. Мұның барлығы да тағдыры бір, Отаны бір халқымыздың келешегі, ұрпағымыздың болашағы үшін жасалуда. Жамбылдықтар да барша қазақстандықтар сияқты ұлы мақсаттарға қол жеткізу жолында жұмыла еңбек ететініне сенімдімін. Қадірлі жерлестер! Ел бірлігі мерекесі құтты болсын! Отбасыларыңызға ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке, қуаныш пен шаттық тілеймін! Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі болсын!