Саясат

ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛДАУЫ

ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛДАУЫ

Кеше Тараз қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында Елбасының ұлықтау рәсіміне орай бес халықтық реформаны қолдау мақсатында флэш-моб өтті.

Оған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, қала жастары қатысты. Облыстың этномәдени орталықтары мен белсенді жастардың бастамасымен Мемлекет басшысының ресми қызметке кірісуін қолдау үшін ұйымдастырылып отырған шарада «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының мүшесі Камал Нарбатыров, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары Парида Мамедова, «Вынхуа» дүнген этномәдени орталығы жастар қанатының төрағасы Зайнутдин Махусеев сөз алды. Олар Елбасы сайлауының аса ұйымшылдықпен өткенін, Нұрсұлтан Әбішұлының сайлаудағы тамаша жеңісін әңгімелеп, Елбасы тапсырған бес халықтық реформаны жүзеге асыру жолында қажырлықпен еңбек ететіндерін жеткізді, мемлекеттік маңызды міндетті орындауға барша жастарды шақырды. Салтанатты шарадан соң Тараз педагогикалық институтының студенттері мың бұрала билеп, концерттік бағдарламаның шымылдығын ашты. Жанатбек Қадіров Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», Лаура Бексұлтанова Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған, туған ел» және Жандос Омаров өзінің «Жақсы көрем» әндерін шырқады. Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.