Тарихи сәттің тағылымы
Тарихи сәттің тағылымы
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында бес институттық реформаға, соның ішінде болашағы біртұтас ұлт құру мәселесіне айрықша тоқталған еді. Ол үшін қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайту қажеттігін баса айтқан. Меніңше, біздің елімізде тұтастық реформасының іргесі қазірдің өзінде берік қаланған. Бұл кешегі өткен Президент сайлауында айқын көрініс тапты. Халық көшбасшысын таңдауда белсенділік танытып, Қазақстанда қалыптасқан саяси мәдениеттің деңгейін көрсетті.
Ұлт көшбасшысы, ел Президентін ұлықтау рәсімінде Елбасы алдымен осы мәселеге тоқталды. «Қазақстандықтар маған ұлы сенім көрсетіп, Отанға тағы қызмет етуге шақырды. Біз күрделі жолды бірге жүріп өттік: өзімізге сеніп, Тәуелсіздігімізді алдық, мемлекет құрып, әлемге жаңа Қазақстанның есігін аштық, өзімізді біртұтас ұлы ұлт ретінде таныттық. Сіздердің сенімдеріңіз мені әрдайым шабыттандырды, сенімділік пен күш-қуат берді», – деді Қазақстан Президенті. Еліміз үшін саяси маңызы зор сайлау бізге көп нәрсені ұқтырды. Елдік мүдде таразы басына түскенде халықтан асқан әділ төреші болмайды екен. Қазақстандықтар бейбіт күннің парқын шын түсініп, ұрпағының келешегіне бейжай қарамайтындықтарын көрсетті. Елбасына сенім артты. Президент осы сенімнің үдесінен шығу үшін адал қызмет ететінін мәлімдеді. Ұлықтау рәсімінде Елбасы бес институттық реформаны орындау үшін барлық күш-жігерді жұмылдыру керектігін айтты. «Таяу арада ел Президентінің жанынан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылатын болады. Оның мақсаты – бес реформаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылуын басқару және мемлекеттік органдардың, бизнес секторы мен азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлестіру. Ұлттық комиссия жанында құрамына беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылар кірген Халықаралық консультативтік кеңес әрекет ететін болады. Бұл ең озық халықаралық тәжірибені пайдалануға септігін тигізеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, мемлекет құру ісіндегі нақты 100 қадам айқындалатын Ұлт жоспары жасалатынын айтып өтті. Бұл қадамдар – елімізді өркендетер жарқын болашақтың бастауы болатынына сенімім кәміл. Мен өзімнің осы бір тарихи сәттің куәгері болғаныма қуанамын. Елбасы Ата Заңға қол қойып, ант берді. Ел дамуының кепілі болатын стратегиялық жоспарларын таныстырды. Сәйкестік пе, білмеймін, бірақ маған осындай мүмкіндік 24 жылдан кейін екінші рет бұйырып тұр. Алғаш рет 1991 жылы Президентті ұлықтау рәсіміне қатысқанмын. Бұл күннің ел тарихында алар орны ерекше.
Сейітхан Жұмашев, Жуалы аудандық ауруханасының бас дәрігері.