Жетісу жеріндегі сәтсіздік
Жетісу жеріндегі сәтсіздік
«Таразды» бір сатыға төмендетті
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының тоғызыншы туры аясында сүйікті командамыз «Тараз» футбол клубы Талдықорғанда жергілікті «Жетісуға» қарсы алаңға шықты. Турнир кестесінің соңғы сатысында келе жатқан «Жетісу» бұл ойында барын салды. Жерлестеріміз де қарап қалған жоқ. Теңбіл допты ырқына көндірген біздің команда жер жәннаты Жетісу жеріне тек қана жеңіс үшін барды. Өкінішке қарай, «Тараз» шабуылда да, қорғаныста да сауатты ойнағанымен матчтың сексен тоғызыншы минутында жерлестеріміз қорғаныста өрескел қателік жасап, Деспотович есеп ашты. Ойындағы есеп матч аяқталғанша өзгеріссіз қалды. Бұл турдан кейін «Тараз» алтыншы орынға сырғыса, «Жетісу» он бірінші орынға көтерілді. Айтпақшы, осы турда «Қайрат» сапында ойнаған Тараз футболының түлегі Бауыржан Исламхан «Шахтер» қақпасына гол соққанын айта кету керек. Исламхан екі матч қатарынан мергендігімен танылды. Бұл турда «Оқжетпес» өз алаңында «Ақтөбеге» есе жібермегенде, «Тараз» алғашқы алтылықтан төмен түсіп кетер еді. «Оқжетпестің» сапында ресейлік «Локомотивтің» намысын қорғаған даңқты шабуылшы Дмитрий Сычев алғашқы голын салғанын да естеріңізге сала кетейік. Тоғызыншы тур голдарға бай болды. Алты ойында 20 гол соғылды.
Табиғат Абаилдаев, "Ақ жол".