Алғаш рет дауыс бердім
Алғаш рет дауыс бердім
Мен биыл кәмелеттік жасқа толып, алғаш рет дауыс бердім. Еліміздің толыққанды азаматы ретінде Президентімізді таңдауға өз дауысымды қосқаныма өте қуаныштымын. Бүгінде Тараз мемлекеттік университетінде бірінші курста оқып жатырмын. Менің қатарластарымның барлығы да бұл сайлауды асыға күтіп, оған қатысуға ерекше ықылас танытқанын айтқым келеді. Өйткені, жастар қоғамдағы барлық өзгерістер мен жаңалықтарға бейжай қарамайды. Сонымен қатар, оған белсене атсалысуға, барлық игі істің бел ортасында болуға тырысады. Жалпы, жас та болса бірқатар жетістікке жеткен еліміздің тізгінін ұстап, оны биік белестерге бастайтын бірегей тұлғаны таңдауда әркімнің қызығушылығы болу керек деп ойлаймын. Өйткені, бұл – тек саяси науқан емес, халқымыздың тағдырына, болашағына, еліміздің даму жолына бірден-бір жауап беретін үлкен қадам. Оған науқандық баға беруге әсте болмайды, азаматтық борыш деп қарау керек. Бастысы, әркімнің даусы маңызды екенін жете түсіну керек. Сондықтан, мен 26 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентін сайлауға өзім тіркелген сайлау учаскеме барып, дауыс бердім. Елбасымыздың жеңісі, елдің жеңісі, біз секілді жастардың жарқын болашағының жеңісі деп ойлаймын.
Қаламқас Ережепова, студент.
Тараз қаласы.