Демократия даңғылы
Демократия даңғылы
Тәуелсіз еліміз өз тарихында тағы бір маңызды белеске көтерілді. Бұл – күні кеше өз мәресіне жеткен кезектен тыс Президент сайлауы. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінде көтеріліп, кейіннен қалың көпшілік тарапынан қызу қолдау тапқан Президент сайлауы елдігіміз бен бірлігімізді төрткүл дүниеге тағы бір мәрте танытты. Қазақ елінің демократиялық даму даңғылы қалыптасқан мемлекет екендігін көрсетті. Мұны әлемнің түкпір-түкпірінен келген халықаралық бақылаушылар айқын мойындады. Президент сайлауы біздің облысымызда да заң талаптарына сәйкес әрі сайлаушылардың жоғары белсенділігімен өткізілді. Жексенбі күні Тараз қаласында әлсін-әлсін жел соғып, арты жауын-шашынға ұласқанымен, ол тұрғындардың көңіл-күйіне әсер ете қойған жоқ. Керісінше, көпшілік қауым «Нұр жауып тұр деген – осы» деп, табиғат құбылысын жақсылыққа балап жатты. Біз осы күні таңертеңмен қаладағы №5 мектепте орналасқан №35 сайлау учаскесіне ат басын бұрғанымызда сайлаушылардың қалың қарасын байқадық. Учаске сайлауға сақадай сай әзір. Комиссия құрамына жеті адам қамтылыпты. Бюллетеньдер толықтай қайта саналып, үстел үстіне қойылған. Дауыс беру кабиналары жинақы жабдықталып, мөлдір жәшік спорт залдың қақ ортасына қойылыпты. Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де арнайы орын белгіленген. Сағат тілі 07.00-ді соққанда Мемлекеттік Әнұран орындалып, сайлау учаскесі салтанатты түрде ашылды. Таңмен таласа тұрып, алғаш болып дауыс берген азаматтарға естелік сыйлықтар үлестірілді. Ал сыртта сауда-саттық қыза түсті. Мектеп алдына қойылған сахнада өнерпаздар әннен шашу шашты. Таңғы сағат 8-дердің шамасында осы сайлау учаскесіне облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы келіп, өз таңдауын жасады. Дауыс беріп шыққан соң, облыс басшысы тілшілердің сұрағына жауап беріп, ой-пікірімен бөлісті. – Сайлауға келу – әр адамның парызы. Мен тұрақтылық пен тыныштық, Қазақстанның дамуы үшін өз даусымды бердім. Сондай-ақ, облыстың сайлаушылары да еліміздің өсіп-өркендеуі, әлемдегі отыз мемлекеттің қатарына кіруі үшін дауыс беріп, өз таңдауын жасайды деп ойлаймын, – деді облыс әкімі К.Көкірекбаев. Жоғарыда сайлаушылардың белсенділігі туралы айттық. Сондай сайлаушылардың бірі Зафар Шарифов алғаш рет дауыс беруге келіпті. Биыл 18 жасқа толған ол Жамбыл политехникалық колледжінде «Жылу технологиясы» мамандығы бойынша оқиды екен. – Шынымды айтсам, осы күнді асыға күттім. Еліміздің өмірінде болып жатқан мұндай үлкен оқиғадан біз тыс қалмауымыз керек деп ойлаймын. Алғаш рет дауыс беретін болғандықтан оның тәртібі туралы үйдегі үлкен кісілерден сұрап алғанмын. Осылайша бүгін сайлау учаскесіне келіп, тұңғыш рет таңдауымды жасадым. Бюллетеньді толтырып, жәшікке салған кезімде кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Әсерім шексіз, – деді Зафар толқынысын жасыра алмай. №35 сайлау учаскесінің төрайымы Салтанат Төлеуден сұрап білгеніміздей, бұл аумақ бойынша 1110 сайлаушы тіркелген екен. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының да ардагері бар. Комиссия мүшелері қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың да қамын ойлап, олардың өз өтініштері бойынша үйлерінде дауыс беруге жан-жақты жағдай жасады. № 43 орта мектепте орналасқан №77 сайлау учаскесінде де сайлаушылардың саны көп болды. Бұл аумақта 1500 сайлаушы тіркелген болса, осы күні соның 1496-сы, яғни 99,7 пайызы өз таңдауын жасады. Осы учаскеде орын алған тағы бір есте қалар оқиға – 8 мөлтек ауданның тұрғыны Андрей Тимохиннің той көйлегін киген қалыңдығымен бірге келіп, дауыс беруі болды. Бір сөзбен айтқанда, Андрей үшін қос қуаныш қатар келді. Қуаныштан жүздері балбұл жанған жас жұбайларға көпшілік қауым ұзақ өмір, баянды бақыт тіледі. Жалпы, Президент сайлауының өту барысын бақылау мақсатында халықаралық ұйымдардан облысымызға 40 бақылаушы келіп тіркелді. Олар Тараз қаласымен қатар аудандардағы сайлау учаскелерінде болып, өз миссиясын атқарды. Біз сайлау күні халықаралық бақылаушылармен жүздесіп, ел өміріндегі елеулі науқанның өту барысы туралы пікірлерін тыңдап көрдік. Бауырлас Түркия елінен келген халықаралық бақылаушы Фарид Дамырлымен сөйлескенімізде, ол: «Біз өзге мемлекетте бақылаушы болып жұмыс істегенбіз. Бірақ та ол жерлерде халықтың осындай белсенділігі болған емес. Мен ойлаймын сайлаушылардың басым көпшілігі өз таңдауларын жасайды. Тұрғындардың көңіл-күйі де көтеріңкі. Бұл да өте маңызды» – деген ойын білдірді. Осы елден келген тағы бір бақылаушы Ялшын Халдун «Сағат күндізгі 14.00-ге дейін Жуалы ауданындағы бірқатар учаскелерде сайлаушылардың басым көпшілігі келіп қойды. Бұдан біз қазақстандық сайлаушылардың белсенді екенін байқадық», – деді ағынан жарылып. Шу ауданында болған Қырғыз Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бөлім меңгерушісі Чынара Алыбаева өңірде сайлаудың демократиялық үрдістерге сай өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Осы елдегі Орталық сайлау комиссиясы аппаратының сарапшысы Болот Максутбаев та байзақтықтардың белсенділігіне таңданысын білдірді. Байқаушылар айтса айтқандай, облыс бойынша 517690 сайлаушы тіркелген болса, соның 503745-і дауыс беруге қатысты. Оның ішінде 492148 азамат, яғни сайлаушылардың 97,90 пайызы Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты жақтап дауыс берген. Осылайша қаймана қазақтың қарашаңырағы, Қазақ хандығының туы тігілген қасиетті мекен – Әулиеата өңірінің тұрғындары да Тұңғыш Президентіміздің жүргізіп отырған салиқалы саясатын қолдайтындықтарын анық аңғартты. * * * Облыс орталығындағы №8 Төле би мектеп-гимназиясында орналасқан №28 сайлау учаскесі де өз жұмысын таңғы сағат жетіден бастады. Мемлекеттік Әнұран орындалған соң саяси науқан қызу басталып кетті. Дауыс беруге бірінші болып келген тұрғын мен алғаш рет дауыс бергелі отырған жас сайлаушыға естелік сыйлықтар тапсырылды. Сайлау учаскесінің төрайымы Бибіхадиша Шымырова бұл аумаққа 1627 сайлаушы тіркелгендігін, оның ішінде 79-ының үйіне дауыс беру жәшіктерін апаратындығын, яғни үйлерінен дауыс беретіндігін айтты. Жалпы, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Оны кішігірім кезектен-ақ байқауға болады. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов та көпшілікпен бірге кезекке тұрып, бюллетенін алып, өз таңдауын жасады. Білім ордасында келушілерге жоғары көңіл-күй сыйлау үшін күні бойы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».