Саясат

Бұқара белсенділік көрсетті

Бұқара белсенділік көрсетті

26 сәуірге тағайындалған еліміздегі аса ірі саяси оқиға ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өз мәресіне жетті. Сайлаушылардың 95,22 пайызы дауыс берді. Бұл туралы кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті. «Облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларынан алынған деректер негізінде біз сіздерді ҚР Президентінің сайлауына сайлаушылардың келуінің қорытынды нәтижелерімен таныстыруға мүмкіндігіміз бар. Бұл көрсеткіш 95,22 пайызды құрады. 26 сәуір күнгі мәліметтермен салыстырғанда, Астана қаласына қарасты шетелдік учаскелер есебінен көбейді», - деді Қ.Тұрғанқұлов. Оның атап өтуінше, сол себепті Астана қаласы бойынша сайлаушылардың келуі 97,18 пайызды құрады. «26 сәуірде сайлаушылар өздерінің айрықша азаматтық ұстанымын, электораттық белсенділігін және елдің болашағы үшін саяси жауапкершілігін айқын көрсетті. Егемен Қазақстан тарихында дәл осындай белсенділік бірінші рет болып отыр. Науқанды ұйымдастырудың жоғары деңгейіне байқаушылар мен сарапшылар көз жеткізіп, баса назар аударды», - деді ҚР ОСК төрағасы. «Сайлаудың алдын ала нәтижесі туралы айтатын болсақ, бізге келіп түскен ақпарат бойынша республикада сайлаушылар дауысы былай бөлінді. Әбілғазы Әлиақпарұлы Құсайынов үшін сайлаушылардың 0,7 пайызы дауыс берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін - 97,7 пайыз, Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов үшін - 1,6 пайыз», - деді Қ.Тұрғанқұлов. ОСК төрағасы өз сөзінде 14 облыстан, Астана және Алматы қалаларынан хаттамалардың Орталық сайлау комиссиясына келіп түсуіне байланысты бұл деректер нақтыланатындығын атап өтті. «Бұған заңмен екі күн белгіленген», - деді ол. Яғни, ҚР Президенті сайлауының нәтижесі 3 мамырдан кешіктірілмей белгілі болады. «Сайлау туралы заңға сәйкес 26 сәуірде өткен Қазақстан Республикасының Президентін сайлаудың соңғы нәтижесімен Орталық сайлау комиссиясы сайлаудан кейін жеті күн мерзімнен, яғни 2015 жылғы 3 мамырдан кешіктірмей белгілеуі тиіс», - деді Қ.Тұрғанқұлов.

ҚазАқпарат.