Саясат

Елі сүйген, елін сүйген Елбасы

Елі сүйген, елін сүйген Елбасы

Таразда осындай ұранмен жеңімпаздар форумы өтті

Ел Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаев көпшіліктің таңдауымен, басым дауыспен жеңіске жетіп, ел тізгінін қолға тағы да алғанына қуанған жұртта есеп жоқ. Солардың қатарында жамбылдықтардың алар орны ерекше. Елбасының сайлауалды штабында аянбай тер төгіп, Н.Назарбаевтың халықты болашаққа бастар бірегей тұлға екеніне елді бек сендірген сенімді өкілдер мен жақтастардың, жалпы, елі сүйген Елбасыға дауыс берген барша халықтың алдағы күннен күтері көп.

6Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңына жиналған тұрғындар «Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі» атты жеңімпаздар форумына қатысып, патриоттық рухқа, көтеріңкі көңіл-күй мен шаттық сезімге кенелді. «Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық филиалдары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, зиялы қауым өкілдері мен қала халқы қатысқан бұл форумды жеті мыңнан аса адам тамашалады. Жиынның салтанатты ашылуында арнайы автошеру ұйымдастырылып, ел Туын көкке көтерген жастар Елбасы жеңісі – ел жеңісін тағы бір мәрте паш етті. Алаңға орнатылған телеэкраннан Президент қатысқан республикалық форумнан арнайы сюжет көрсетіліп, Нұрсұлтан Әбішұлының ел халқына арнаған сөзі тыңдалды. 5

Ал бес жүзге жуық «жасотандық» орталық алаңда флешмоб өткізіп, өз қуаныштарын, Президентке деген сенімдерін би мәнерімен жеткізді. Жеңімпаздар форумында барша жамбылдықты осынау айтулы күнмен құттықтаған облыс әкімі К.Н.Көкірекбаев тұрғындарға ізгі тілегін арнады. – Құрметті, жамбылдықтар! Біз барша отандастарымызбен бірге күні кеше ең маңызды таңдауымызды жасадық. Елдігімізді көрсетіп, ерлігімізді таныттық. Халқымыз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевты Қазақ елінің киелі тұғырына қайта көтерді. Бұл бүкіл еліміздің, халқымыздың тілегі болатын. Біз еліміздің ертеңі сынға түскен сәтте біріге алатынымызды көрсеттік. Біз Қазақстанның біртұтас мемлекетінің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясына халықтың сенімі зор екенін көрсеттік. Біз халқымыздың өскен ел, туған жер тағдырына жауапкершілік сезімінің аса жоғары екенін білдірдік. Біз өз тағдырымызда еркін таңдау жасадық. Елбасының мерейі үстем болды. Елбасының жеңісі – Қазақстан халқының ірі жемісі. Бұл жеңіс – тұңғыш Президентіміздің орасан зор еңбегінің, көреген саясатының, үлкен парасатының нәтижесі. Бұл жеңіс – көп ұлтты халқымыздың Елбасына деген ыстық ықыласы мен шексіз құрметінің көрінісі. Елбасының жеңісі – Қазақстанның кезекті биік белесі. Бұл – біздің мақтанышымыз, бұл – біздің жеңісіміз! Біз әрқашан Елбасымен біргеміз. Қазақтың Ұлы Президентінің Ұлы Жеңісі құтты болсын! Барша қазақстандықтар секілді, жамбылдықтар да ақ тілекпен, адал ниетпен, «Елбасым» деп соққан ұлы жүрекпен өзінің тарихи таңдауын жасады. Қасиетті Әулиеата халқы өзінің Президентіне деген кең қолдауын, сенімін білдірді. Осы жауапты тарихи таңдау сәтінде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлігіміз бен ынтымағымыздың жарастығын көрсеткендеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін! – деген облыс басшысы үш мыңға жуық еріктілерден құралған жастар жасақтары мен облыстық, қалалық және аудандық штаб мүшелеріне деген ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Елбасының арқасында жеткен жетістіктерді мысалға келтіріп, алда ел сенім артқан азаматпен бірге атқарылатын ұлы істерге шолу жаcады. Ән мен бимен көмкеріліп, көтеріңкі көңіл-күйде өткен форумда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Дария Қожамжарова, «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Амир Халиков, №7 мектептің директоры Наталья Исеева, жастардың өкілі, жас ақын Хамит Есаман жалынды сөз сөйлеп, барша жұртты айтулы жеңіспен құттықтады. «Рухани азығымыз, мызғымас қазығымыз – туған Отанымыздың абыройы асқақтай бергей!» деген ұранмен аяқталған жеңімпаздар форумы баянды болашаққа деген халық сенімін еселей түсті.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.