Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Қарағанды облысының Көкпекті ауылындағы стихиялық апат барша қазақстандықтардың қиындықта бір-біріне қол ұшын соза білетін бірлігін көрсетті. Жамбыл облысы әкімдігі де су тасқынынан зардап шеккен бауырларымыздың отбасыларына көмек көрсетті. Өңірдің бірқатар өндіріс кәсіпорындары, атап айтқанда, «Жамбылгипс» АҚ 2 вагон гипс және гипсокартон, Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылындағы «Мыңарал Тас Компани» ЖШС 3 вагон және Хантау ауылындағы «ACIG» АҚ-ның цемент зауыттары 5 вагон цемент жіберді. Әрине, «апат айтып келмейді». Сондықтан, бүгінде қиындық құрсауында қалған қандастарымыздың оны жеңіп шығуына бірлігіміз бен осындай кең пейіліміз ғана көмектесе алатынын еске саламыз. Облыс тарапынан бұған дейін де бірнеше көмек көрсетілген еді. Атап айтқанда, облыстық төтенше жағдайлар департаменті су тасқынынан зардап шеккен отбасыларының барлығын жылы киім, азық-түлік, аяқ-киім, жылы жамылғы және тағы басқа да қажетті заттармен қамтыған болатын. Ал «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанаты Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясын ұйымдастыруда. «Жасотандықтар» осы бағытта тұрғындарды игілікті іске атсалысуға шақырып, жылы киімдер, азық-түлік, балалар тағамдары, гигиеналық құралдар, ыдыс-аяқ, төсек-орын жабдықтарын жинауда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қайырымдылық акциясына «Нұр Отан» партиясы облыстық, қалалық, аудандық филиалдарының қызметкерлері қолдау көрсетіп, бір күндік айлық жалақыларын аударды.
«Ақ жол-Ақпарат».