Экономика

Экологиялық қауіпсіздік

Экологиялық қауіпсіздік

жолдаудың негізгі өзегінің бірі

Жаңа технологияны енгізуді, өндірісті экологиялық жағынан қауіпсіздендіруге қатаң бақылау жүргізу облыс бойынша экология департаментінің негізгі міндеті болып есептеледі. Сондықтан да, қазіргі уақытта облыс аумағындағы ірілі-уақты өндіріс салалары экожүйені бір деңгейде ұстауға барынша күш жігерлерін салуда. Соның дәлелі ретінде өндіріс басшыларының экологияға қосқан үлесін жоққа шығара алмаймыз. Қандай да қиыншылық болмасын қаражат тапшылығына қарамастан әрбір мекеме жыл басында бекіткен экологиялық сауықтыру іс-шараларын нақтылы жүзеге асырып жатқандығы болашаққа деген ұмтылыстың бар екенін білдіреді. Нақтылап айтар болсақ, Елбасының 2008 жылғы 23 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген «Парыз» байқауы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында конкурс жариялағанын барлығымыз білеміз. Осы конкурсқа республика бойынша 2014 жылы «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша 111 өтінім түссе, ал облыс бойынша 2012 жылдан бастап жыл сайын алдыңғы қатарлы озық технологияға қол жеткізген 17-18 мекеме өз тапсырыстарын жіберуде. Әрине, ол нәтижесіз емес, қатысушылардың барлығы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. 2014 жылы «Қазфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Леонид Франгулиди Елбасының қолынан «Құрмет» орденін омырауына тақты. Өздеріңізге белгілі «Жасыл экономиканы» жүзеге асыру бойынша біздің облыс алдыңғы қатарда екені белгілі. Қордай, Мойынқұм, Меркі, Т. Рысқұлов, Жамбыл аудандарында желден, күннен және судан энергия алу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Облыс экологиясын жақсартуда бүгінде экология департаментінің қызметкерлері әрбір мекеменің жыл сайын жасалған іс-шараларына мейлінше ден қойып, олардың уақтылы орындалуына қадағалау жүргізіп, мекеме басшылары түйінді мәселелерді облыстағы университет ғалымдарымен бірлесе отырып шешудің жолдарын қарастыруда. Мәселен, Қаратау қаласындағы натрий цианидін өндіретін зауыттың ырғақты жұмыс істеуі мақсатында, жергілікті тұрғындармен және қоғамдық бірлестіктер, атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен бірлесіп қоғамдық тыңдау өткізілді. Сондай-ақ, Жаңатас қаласында «Еврохим» компаниясы Қазақстанмен бірлесіп, түрлі химия өнімдерін өндіретін жаңа зауыт салуды қолға алды. Шу қаласында үлкен химия паркі орын тебуде. Міне, сондықтан да келешекте облысымыз индустриалды аймақ болатынына сенім білдіре аламыз. Бұдан да басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жүздеген кәсіпкерлер заманауи құрал жабдықтарды шетелден алып келіп, халықтың қажетіне керек экологиялық таза ет және сүт өнімімен қамтамасыз етуде. Мұнымен қатар елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы да жақсы жүруде. Сөз басында «Жасыл экономика» деген сөз бекер айтылған жоқ. Өндіріспен қатар, табиғатты да қаз-қалпында сақтауға Жамбылдың «Жасыл-ел» жастар еңбек жасақтары аз еңбек етіп жүрген жоқ. Әр жылда облыс аумағында мыңдаған жасыл желек отырғызып табиғатымызды көркейтуде. Жастарды табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға жоғары оқу орындары, колледждер, қалалық және облыстық білім басқармалары экология департаментімен тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бері тығыз байланыста. Міне осындай саналы ұрпағымыз тәрбиеленіп келе жатқанда, болашаққа батыл қадам жасай береріміз сөзсіз. Татулығы мен бірлігі жарасқан халықтың атар таңы ашық, күні де шуақты болатыны тарихтан белгілі тағылым.

Мұхтар ҚОНЫСБЕКОВ, облыс бойынша экология департаментінің басшысы.