Қазақстан мен Түркия бірлесіп телехикая түсіреді
Қазақстан мен Түркия бірлесіп телехикая түсіреді
Қазақстан мен Түркияға ортақ телехикая түсіру туралы келісімге қол жеткізілді. Түрік жағы оған қолдау білдіріп, жан-жақты көмек көрсетуге әзір екендіктерін мәлімдеді.
Бұл туралы осы аптада болған Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевтың Түркияның мемлекеттік TRT телеарадиокорпорациясының басшылығымен болған кездесуі барысында белгілі болды. Сонымен қатар, қазақстандық телеөнімдер Түркияда көрсетілетін болды. Оның ішінде, отандық танымал «Сырғалым», «Әке серті», «Ұлжан» және «Ағайындылар» туындыларын түрік тіліне дубляж жасауда осы елдегі Қазақстан елшілігі көмек көрсетеді. «Елдер мен құрлықтарды байланыстырушы үлкен құрал телевизия болып саналады. Түркияның ең ірі мемлекеттік телеарнасы TRT, оның ішінде 8 мемлекетке хабар тарататын, Әзірбайжан, Қырғыз, Өзбекстан, Қазақстан секілді бауырлас елдердің ұлттық өнерін, дәстүрін, деректі фильмдері мен музыкалық бағдарламаларын көрерменге түрік тілінде ұсынатын TRT-AVAZ (Әуез) телеарнасымен біздің байланысымыз өте тығыз. Соңғы жылдары Қазақстанда түсірілген фильмдерді, телехикаяларды және балаларға арналған телеөнімдерді Түркия көрермендеріне ұсыну мәселесі оң шешімін тауып келеді», – деді Ж.Түймебаев.