Экономика

Тәулігіне 25 тонна сүт өңделеді

Тәулігіне 25 тонна сүт өңделеді

Жуырда Жуалыда осындай кәсіпорын ашылады

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ірі шаруашылықтар тарап, жер бөліске түсіп, ұсақ агроқұрылымдар құрылды. Осы кезде отбасыммен кеңесіп, біз де әрекет жасауды ұйғардық. Шаруа қожалығын құрып, оның атын «Қосағаш» деп қойдық. «Қосағаш» – мал өсірумен шұғылданды. Онда алғашқы кезде мал аз болса, қазір ірі қара – 30, қой – 700 және жылқы 130 басқа жетті. Оларды бірнеше отбасы күтіп-бағады. Жалақыларын уақтылы төлейміз. Басқа да материалдық көмек көрсетеміз. Мал өсіру оңай емес. Кейде оның өнімдерін өндіруге жұмсалған шығын мен еңбек өтелмей жатады. Сондықтан да шикізат өңдейтін шағын кәсіпорын ашуды ұзақ уақыттан бері ойластырып жүрген болатынбыз. Соның сәті 2011 жылы түсті. Бауыржан Момышұлы ауылында сүт өңдейтін шағын цех аштық. Қазір онда 14 шаруа қожалығынан жазда – 5, қыста 3 тонна сүт қабылдап, одан брынза, сулугини, чечел, сары май және қаймақ өндірудеміз. Өндірілген өнімнің 80 пайызы Алматы қаласына, қалғаны Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларына өткерілуде. Тауарларымыз қоймада жатып қалған кезі болған емес. Нарықта тұрақты тұтынушыларымыз бар. Қазір мұнда 9 адам жұмыс істейді. Қабылдап алған сүттің әр литріне 70 теңгеден төлейміз. Сапасы жоғары шикізат өткізгендер қосымша қаржылай ынталандырылып отырады. Біздің жұмысымызды отбасылық бизнес деуге болады. Осында келіндерім Жаңылсын Нұрбаева – технолог, Эльвира Мешелова менеджер болып істейді. Кейінгі кезде аудан және облысымызда ірі қара, оның ішінде сауын сиыр өсірушілер қатары көбейіп келеді. Сондықтан да отбасыммен ақылдасып, ірі сүт өңдейтін кәсіпорын ашуға бел байладық. Аудандық әкімдіктің қолдауымен бізге 2,5 гектар жер берілді. Тәулігіне 25 тонна сүт өңдейтін зауыт жобасының құны 102 миллион теңге. Оның 55 миллион теңгесі құрал-жабдықтар алуға жұмсалды. Сондай-ақ 42 миллион теңге құрылыс жүргізуге бөлінді. Қалған қаржыға құжаттар жасалды. Біз Халық Банкімен ұзақ уақыттан бері тығыз әріптестік қатынаста жұмыс істеп келеміз. Мемлекеттің үлкен қолдауы мен қамқорлығын сезінудеміз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы жеңілдікпен несие алдық. Банктерден алған қарыздарымыздың өсім пайызының жартысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жабылды. Жабдықтардың дені Ресей және Болгариядан әкелінді. Қазір оны орнату жұмысы аяқталып келеді. Цех іске қосылған кезде «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жабдықтарды сатып алуға кеткен қаржының 30 пайызы субсидия ретінде өзімізге қайтарылады. Бұл – мемлекеттің кәсіпкерлерге деген үлкен әкелік қамқорлығы болса керек. Кәсіпорынды үстіміздегі жылдың мамыр айында іске қосуды көздеп отырмыз. Ол толық қуатында жұмыс істегенде сүт өнімдерінің 12 түрі шығарылады. Жаңа 22 жұмыс орны құрылады. Қазір жылына 63 миллион теңгенің тауарын өндірсек, жаңа цехта ол 400 миллион теңгеге жеткізіледі. Тек салықтың есебінен ғана жергілікті бюджетке бізден 48 миллион теңге аударылады. Әлбетте, бұл аудан үшін үлкен қаржылай демеу.

Орынбасар МЕШЕЛОВ, «Кәсіпкер Мешелов» жеке кәсіпорнының құрылтайшысы.

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Жуалы ауданы.