Әлеумет

Жиырма төрт жасында взвод басқарған

Жиырма төрт жасында взвод басқарған

Жамбылдық сардар А. Қалиевтің арада 71 жылдан соң хабар-ошары шықты

Бір атап өтерлік жайт, бұған облыстық «Ақ жол» газетінің биылғы 17 қаңтар күнгі санында жарияланған «Әулиеаталық командирлер...» атты мақаламыз түрткі болған екен. Онда артындағы ағайын-туыстарына бір себі тиер деген оймен сонау сұрапыл соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен жамбылдық төрт бірдей боздағымыздың (төртеуі де қызыл әскер командирлері болған) Украина жеріндегі шайқаста қаза тапқаны жөніндегі деректі де қоса жариялағанбыз. Шынында да көп өтпей олардың бірінің – 137 атқыштар дивизиясы, 409 атқыштар полкі пулемет ротасының взвод командирі болған, лейтенант Абраш Қалиевтың «Фрайзерстройпроект» ЖШС-ында құрылыс прорабы болып істейтін інісі Кәрібай Есенаманов пен немере інісі, облыстық «Сенім» баспаханасының редакторы Тұрмаханбет Қазақбаев редакциямызға алғыс айта келді. Олар бұған дейін ағаларының еш жерден дерегі шықпай, «Боздақтар» кітабынан да, ғаламтор сайттарынан да кездестіре алмай біраз әуре-сарсаңға да түскен. Бауырлары жайлы деректер келтірілген газетіміздің сол күнгі нөмірін облыс орталығындағы кітапханалардың бірінен аттай қалап алып, салып ұрып бізге жеткен беттері екен.

Кәрібайдың айтуынша, Абраш әкесінің алғашқы некелі болған әйелі Айғанымнан көрген екі ұл, екі қызынан қалған соңғы тұяқ екен. Оны да тағдыр маңдайларына жазбай, көп күндерін құсалықпен өткізген. Бертінде Қали қарт бәйбішесінің келісімімен екінші рет некелі болып, Зеркүл ападан үш ұл, төрт қыз сүйіпті. Қали қарттың ұлдарының бірі бүгінде елімізге белгілі балалар ақыны Сұлтан Қалиев екенінен де осы жолы құлағдар болғанбыз. Қали Есенаманов көп жылдар бойы ұжымшардың қой фермасын басқарған, ауыл-аймағына сыйлы кісі екен. 1982 жылы 90 жасында дүниеден озыпты. Есенамановтар бүгінде Шайдана ауылында тұрады. Қара шаңыраққа қарияның үлкен ұлы Әбдіомар ие. Одан кейінгі Әлиомар агроном болып қызмет етуде. Тоқсан жастың төріне шыққан Зеркүл апа өсіп-өнген әулетті уыздай ұйытып та отыр. Енді Абраш Қалиев жөнінде біраз дерек. Кәрекеңнің айтуынша, ол 1920 жылы Сеңгірбай ауылында туған. 1935-1936 жылдары Жамбыл мектебінде, оны бітірген соң Жамбыл педагогикалық училищесінде оқыған. Аталмыш педучилищені үздік бітіргендіктен, қырқыншы жылы тікелей Сталинннің бұйрығымен (соғыс болатынын алдын ала білген бе) елде офицерлерді соғыс машығынан өткізу басталған тұста, бірден әскерге алынған. Аякөздегі әскери құрамада офицерлік қызмет етіп, осында жауынгерлерді арнайы машықтан өткізіп, кезегімен соғысқа жіберу ісіне бас-көз болғанға ұқсайды. 1943 жылы өзі сұранып, соғысқа аттанған. Туыстарының қолында оның 1944 жылы жазған біраз хаты сақтаулы екен. Ол бір хатында аяғынан жарақаттанып госпитальда емделіп жатқанын, оқ жарықшағы балтырының қалың етінде қалып қойғанын, алайда жарасы жазылған бойда Беларуссия майданына, батысқа қарай баратынын жазыпты. Қайсар жауынгер сол жылғы 5 мамыр күні жолдаған соңғы хатында: «Амандық болса, сұм фашистің басын кесіп, елге жеңіспен қайтамыз. Қапа болып ойлай беру жарамайды. Амандық, әбүйір тілеу керек. Барлығы бір күнгідей болмайды. Барлығы орнына келеді» деп ағынан жарылған екен. Бірақ, ол арманына жете алмады. Арада бір ай өткенде 6 маусымда есіл ер майдан даласында ерлікпен қаза тапты. «Естуімізше, Абраш ағамыз соғыстан аз күнге демалыс алып, ауылға да келіп қайтыпты. Оның сол жолы ала келген дүрбі, белдік, шинель секілді сыйлықтары бертінге дейін сақталған-ды. Кезінде мән бермедік, енді бауырымыздың өмірі мен қызметін тереңдеп зерттеуге ынтызарлығымыз артып отыр. Ағамыздың есімін мәңгі есте қалдыру шараларын да қолға алсақ дейміз. Бұл кейінгі жас ұрпақ үшін де тағылым, сабақ болмақ. Бар-жоғы жиырма төрт жасында взвод басқару кезінде екінің бірі бағындырған белес болмаған ғой» дейді Кәрібай Есенаманов ағасы жөнінде. Қали қарттың өсіп-өнген әулеті Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Абраш ағаларының аруағына арнап ас беріп, құран бағыштамақ ниетте.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Шайдана ауылы, Жамбыл ауданы.