Әлеумет

Қаһарман ұрпақтың қадірлі өкілі

Қаһарман ұрпақтың қадірлі өкілі

9 10Жаңадан ат жалын тартып, азамат ретінде қалыптасуды бастар шағында адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген сұрапылға – екінші дүниежүзілік соғысқа душар боп, соның алапат от-жалынының ортасына бір-ақ түскен ұлтымыз ұрпақтарының тағдыры туралы ойлағанда ең алдымен өзімнің туған ағам Әшімнен бастап бала күнімнен білетін бірсыпыра етжақындарымызды әрдайым еске алып отырамын.

Олардың арасында Алланың рахымымен фәниде ұзақ жасап, тоқсанның төрінен бақиға үш жыл бұрын ұзаған аса қадірлі Қайсекең, Қайсарбай аға да бар. Олай болатыны – ол кісінің туған нағашысы Қалмаханбет Меңлібайұлы менің әкем Бекбосынның туған қарындасы Ханшайым әпкемнің күйеуі еді ғой. Сондықтан, араластығымыз ертеден болып, құдандалық туысқандыққа айналып кеткен. Қайсекеңді қазақи жолмен «құда» деп атамай «аға» деп отыруым да содан. Ал енді ол кісіні ес білгелі алғаш көруім – 1946 жыл болатын. Күздің күні. Онда мен 8-9 жасар баламын. Қазіргі Байзақ, ол кездегі Свердлов ауданындағы біздің ауыл – Қарасуға, біздің үйге бір күні түс ауа, салт атпен әскери киімді, сұңғақ бойлы, сұлу жүзді бір жас жігіт келіп түсті. «Ой, айналайын Қайсаржан, аман-есен келдің бе?!» – деп құшақ жая қарсы алған әкемнің, амандаса сала апыл-құпыл самаурынға ұмтылған анамның қуанышты сәттері күні бүгінге дейін көз алдымда... Кейін білсем, Қайсекең соғыстан елге оралысымен көп кешікпей өзі атасындай қатты сыйлайтын әкеме әрі сәлем бергелі, әрі ол кісіге ұлы Әшімнің, інісі Көпбосынның майдандағы қазасына байланысты көңіл айтуға ол кезде жер түбіндей алыс болып көрінетін Меркі жақтан арнайы келген екен ғой.

Сол заманнан бері-ақ Қайсекең менің де аса қадір тұтатын, өнеге тұтатын ағам болып кеткен. Қызмет дейтін тіршіліктің аужайына байланысты жиі араласпасақ та Тоқаш жеңгеміз жайған дастарханнан талай дәм татқанбыз. Қайсекеңнің талай тойларына қатысқанбыз. Немере ағам Жапар Байбосынұлының қызы Роза қарындасым Қайсекең ауылына келін боп түсу салтанатында да бірге болып «сүйек жаңғыртқанбыз». Ал ол кісі ел ағасы ғана емес, той-тамашаның да гүлі еді ғой, шіркін... Сондайда Омар Хайям жарықтықтың «Сырт келбеті де, жан дүниесі де келісті кісі Құдайға да, адамға да сүйкімді болмақ» деген сөздері еске түсетін... Туған ел, туған жер дегенді жиі ауызға алып жатамыз. Мен сондайда тағы да Қайсекеңді еске аламын. Туған ауылы – Тәтия өңірін табан аудармай отыз-қырық жылдай басқарып, ел-жұртының өсіп-өркендеуіне, атамекенінің гүлденіп-көркеюіне сіңірген еңбегінің өзі тұтастай дастан болса керек. Халқымыздың қай жағынан келсеңізде кемеңгер перзенттерінің бірі Асекең, Асанбай Асқарұлымен тай-құлындай бірге өскен құрдас Қайсекеңнің басқаша, қарабастың қамын ғана ойлайтын әлдебіреулердей болуы мүмкін де емес еді... Жалпы тарихта әр ұрпақ, әр буынның өз орны бар дейміз ғой. Десек те өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының алғашқы кезеңінде дүниеге келген ұрпақтың орны менің пайымымда ерекше боп көрінеді де тұрады. Соғыста көп қырылған да солар, оның бар ауыртпалығын да көтерген негізінен солар, соғыстан кейін жадап жүдеген елге ес болған, тірек болған да солар. Халықтың шаруасын өркендетіп, Қонаевтың сөзімен айтқанда, бір Қазақстаннан жеті Қазақстан жасауға ең көп үлес қосқан да солар. Солардың бел ортасында жарқын жүзі жарқылдап біздің Қайсекең де жүрді! Майдандағы ерлігі, бейбіт еңбектегі бейнеті үшін алған алты ордені мен көптеген медальдарының әрқайсысы-ақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері» деген мәртебелі атағы да талай-талай шежіре шертер еді-ау!.. Елге жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын! Тәуелсіз Қазақ елінің қазіргі жас ұрпақтарының алғыс сезімімен қайтсын!.. Осыдан үш жылдай бұрын туған жердің топырағы Сыпатай бабамыз жайғасқан маңайдан бұйырған, бүгінде ел-жұрты, оның ішінде біз де сағынып жүрген Қайсарбай ағаның жаны жәннаттан болсын деумен бірге күллі әулетіне тегіне лайық кісілік, амандық-саулық, мол қуаныш тілеймін. Тағы бір жағдай. Әрбір Жеңіс күні қарсаңында Әшімді, туысқан ағам Ақәділ Суханбайұлын, ауылдан аттанған басқа да боздақтармен қатар қадір-қасиеті көңілден көшпес Қайсекеңді де еске алу дағдыға айналған. Ол кісінің Сталинградтан басталып, Берлинге жеткен жорық жолын, кескілескен ұрыстардағы ерлігін елестеткендей болам. Ұлы соғыс біткен соң одақтастар басшылары И.В.Сталин, Г.Трумэн, У.Черчиль қатысқан Потсдам конференциясын күзеткен совет солдаттарының бірі болғанын еске түсірем. Ал ондай құрметке барлық жағынан екшелген ерекше жауынгерлер ғана ие болғаны белгілі. Ерекше елағасы еді ғой қайран Қайсекең...

Арғынбай БЕКБОСЫН, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі.

Суреттерде: Қайсарбай Ыдырысұлы Д.А.Қонаевпен бірге; Жауынгер Қ.Ыдырысов. Берлин, 1945 жыл.