Отан үшін от кешкен
Отан үшін от кешкен
Аталарымды мақтан етемін
Әр адам үшін өзінің туып-өскен жерінен, Отанынан қымбат ештеңе жоқ. Батыр Бауыржан Момышұлы атамыз «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөзінен елдік деген ұғымның маңызын терең түсінуге болады. Болашақ ұрпақтардың бейбіт күндерде бақытты өмір сүруі үшін жанын пида етіп, кеудесін оққа төсеген ерлер есімін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында тағы да еске алу біздің азаматтық борышымыз. Соғыс жаңғырығы жылдан-жылға алыстап барады. Ол туралы біз әдеби кітаптардан, үлкен аталарымыздан естіп білеміз. Ұлы Отан соғысы салған қасірет біздің аядай Қаракемер ауылының әрбір шаңырағына да өшпестей із қалдырды. Біздің әулеттен Отанын қорғау үшін соғысқа төрт сайдың тасындай жігіт барған екен. Үлкен атамыз Қалықұл Тұрсынбаев 1943 жылы 4 мамырда Ленинград облысында Красный Вор поселкесіндегі Бауырластар зиратында жерленіпті. Екінші атам Мәмбет Тұрсынбаев 1942 жылы 1 желтоқсанда Орел облысында қаза тауыпты. Үшінші атам Жотай Тұрсынбаев екі соғысқа қатысқан аға сержант атағын алған екен. Соғысқа дейін колхоз, ферма меңгерушісі болыпты. 1943 жылы 26 маусымда Калинин облысы Великие Луки ауданы Кобылино деревнясында ерлікпен қаза тауыпты. Ерлік ешқашан ұмытылмайды дегендей, ауылымыз ұжымдастырылғанда Жотай атамыздың атынан ауылымызда бір көшені атапты. Солардың ішінен тек біреуі ғана, яғни менің Датай атам әскерге шақыртылып соғыстан кейін 1946 жылы қан майданнан аман-есен елге оралыпты. Атамыздың соғыста және соғыстан кейін алған орден, медальдарын көздің қарашығындай сақтап, жанұямыздың асыл жәдігеріндей қадірлеп отырмыз. Мен аталарымның Отанына адал перзент болғандарын мақтан етемін.
Дидар Датай, Төле би атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы.
Жамбыл ауданы.