Экономика

40 мың түп алма көшетін отырғызды

40 мың түп алма көшетін отырғызды

Ауданда биыл 123 гектар жерге алма өсіру қолға алынбақ. Бұл іс қазірден жүзеге асырыла бастады. Аудандағы ірі кәсіпкерлердің бірі, облыстық мәслихаттың депутаты Совет Қалманбетов алма көшеттерін Түркиядан әкелді. 20 гектар жерге 52 мың көшет отырғызуды жоспарлаған кәсіпкер қазіргі таңда 15 гектар жерге 40 мың көшет отырғызды. Қалған көшеттерді күзде әкелмекші.

43 44– Интенсивті бақ өсіру өте тиімді. Бұл бағытқа Үкіметіміз тарапынан қолдау да көрсетілуде. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке тамшылатып суару жабдығын алып, түріктердің фирмасымен келісім-шартқа отырдық. Келісім-шарт бойынша фирма өкілдері келіп, бүгінде тамшылатып суару жүйесін орнатып берді. Алма көшеттерінің дұрыс отырғызылуын қадағалап, құрылғыны басқаруды өз мамандарымызға үйретуде, – дейді С.Қалманбетов. Жабдықтарды әкеліп, орнатып берген Түркияның «Rubaru Group» фирмасының өкілі Ахметжан Бадалов: – Бұл – қанатты жоба. Бізде, Түркияда тамшылатып суару технологиясы 45 жылдан бері қолданылып келеді. Суды үнемдеуде, ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алуда бұл өте тиімді тәсіл. Құрылғыға 1 жылға кепілдік берілген. Совет Қалманбетовпен 7 жылға келісім-шартқа отырдық, осы уақыт аралығында жүйенің дұрыс жұмыс істеп, шаруашылықтың ойдағыдай өнім алуы біздің бақылауымызда болады, – дейді. Аталған фирманың агрономы Мехмет Аргена көшеттердің ауруларға қарсы егілгенін айтады. «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Айдарет» деп аталған сұрыптар ауданымызда бұрыннан бар. Бұл үшеуінің араларына отырғызылатын «Гринсмит» сұрпы тозаңдатушы қызметін атқарады екен. Көшеттер келесі жылдан бастап-ақ әр түбінен 5-6 алмадан өнім бере бастайды. Ал 5 жылда әбден өсіп, толық өнім береді. 1 гектарынан 100-120 тоннаға дейін өнім алуға болады. Жаңашыл кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеген аудан басшылары бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыруды көздеп отыр. – Елімізде өз алмаларымыз ішкі нарықтың 65 пайызын қамтып отыр. Елбасымыз осыны 100 пайызға жеткізіп, Қазақстанды әлемдегі алма экспорттаушы елдердің қатарына қосуды көздейді. Демек, алма өндіру – болашағы зор кәсіп. Оның үстіне, біздің жеріміз өте қолайлы, мұндай ауа райында өскен алмалар өте тәтті болады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков.

Нұрбану КАМАЛ.

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Еркін Жасыбаев.