Экономика

Шағын ауылдағы ірі кәсіпорын

Шағын ауылдағы ірі кәсіпорын

Қордайлық былғары өңдеу комбинаты өркендеу жолына қайта түсті

32Бұрын үлкен зауыт-фабрикалар қалалардың маңына орналасатын. Онысы бір жағынан өндіріс ошақтарын тоғыз жолдың торабына жайғастырып, тауардың өтімділігін арттыру болса, екінші жағынан қала халқын жұмыспен қамту көзделген. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығы ала келген экономиканың қиын-қыстау кезеңі талай отбасының берекесін кіргізіп отырған көптеген өндіріс орындарының есігіне қара құлып ілген еді. Алайда, абдырап қалған қалалықтар күнкөріс қамы үшін ертерек етек-жеңін жиып, нарықтық экономикадағы – бизнеске тез ет үйретіп алды. Сол тоқырауда ауылдағы бар шаруашылықтың да жаппай болмаса да көпшілігінің оты сөнгені естен кете қойған жоқ. Жұмыс таппай сенделіп қалған ауылдықтар қалалықтардың қым-қуыт тіршілігіне қызығып, бала-шаға қамы үшін қалаға үдере көшті.

Міне, сол тұста Қордайдағы дүркіреп тұрған Былғары өңдеу комбинаты да қаржыдан қысылды, басынан бағы тайды. Бүтін бір ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған үлкен комбинат басшылығы қанша тырысқанымен дегендеріне жете алмады. Ақыры жұмысын әрмен қарай жүргізе алмаған бұл өндіріс ошағы көпшілік зауыт-фабрикалар сынды негізгі жұмыс күшінен айырылды. Нарықтың сұранысына ұсыныспен «жауап» бере алмаған комбинат баяғы дәуренінен осылай айырылған еді.

Елдегі біраз зауыттардың қамалдай берік ғимараттары жекешелендіру науқанында қабырғасы сөгіліп, құрылғылары темір мен терсекке айналып, талан-таражға түскен болатын. Содан болар, бұл комбинаттың да қайта түлеуіне айлап, жылдап күнін жалақысыз өткізген қараша халық алғашында сене қойған жоқ. 1992 жылы жабылған бұрынғы «Георгиевский» тері комбинатының негізінде 2002 жылы «Ырыс Бақыт» ЖШС құрылды. Сөйтіп, кәсіптің көзін тапқан іскер азаматтар бертін келе былғары комбинатының жұмысына жан бітірді. Араға он жыл салып барып бар-жоғы жиырмаға жуық жұмыс күшімен «қайта тірілген» комбинат уақыт өте келе еңсесін қайта тіктеді. Осы қызық та қиын тірліктің қайта жандануына жеңіл өнеркәсіп саласының нағыз білгірі, кезінде Қаратаудағы тері өңдеу комбинатын басқарып, кейін еліміздің Кеңес одағы кезіндегі тұрмыстық қызмет көрсету министрлігіне қарасты үлкен бір базаның жұмысын жандандырған Кеңесхан Ахаев үлкен еңбек сіңірді. Аты дүркіреп тұрған жылдары комбинатта 1000-1200-дей маман еңбек еткен деседі мұрағат деректері. Әрине, өнім сапалы болғандықтан сұраныстың да арта түсетіні белгілі. Сұраныс артса, өндіріс көлемі де көбейеді. Бұл –нарық заңы. Сондықтан 1200 адаммен тасын өрге домалатып келген комбинаттың ел экономикасына қаншалықты үлкен үлес қосып келгені өздігінен шыға келеді. Қордайлық комбинаттың өнімдеріне деген сұраныс, қызығушылық кеңес дәуірінде-ақ орнығып қалған. Содан болар дәстүр сабақтастығымен «ырысбақыттықтар» қазір де алыс-жақын шет мемлекеттермен іскерлік байланыс орнатқан. Комбинаттың өндіріс басшысы Бекболат Дәулетовтің айтуынша бүгінде мұнда 250 адам жұмыс істейді. – Әбден тұралап қалған өндірісті қайта бастау алғашында қиынға соқты. Себебі, мұнда еңбек еткен білікті маманның бәрі жұмыс іздеп жан-жаққа кетіп қалған. Тіпті, кейбір орыс, неміс ұлтты азаматтар тарихи Отанына біржола көшіп кеткен. Сол себепті біз ең бірінші маман даярлауға бас қатырдық. Одан бөлек, заман талабын ескеріп, өндіріске өзгеріс енгізуді де ойластырдық. Алғаш түскен азын-аулақ табысымызға айналасы үш жылдың ішінде өндіріске жаңа технологиялар енгізу үшін, жаңадан 11 жабдық сатып алдық, – дейді «Ырыс Бақыт» ЖШС-ның бас директоры Кеңесхан Ахаев. Мұндағы шығарылатын өнімнің барлығы рентабельді. Барлық қызметкерлер жоғары білікті мамандар. Кәсіпорын басшылығы мамандардың біліктіліктерін арттыруға ерекше мән беріп отырады. Жұмысшылар өз кәсіптерінің қыр-сырын жіті меңгеру үшін Түркиядан келген білікті мамандардан тәлім алып тұрады. Ал жұмысқа жаңадан келгендер биыл шетелде оқып, тәжірибе жинап қайтпақ. Сондықтан да Кеңесхан Ахаевтың комбинаты өнімдері өзіміздің отандық тұтынушылардан бөлек Ресей, Беларуссия, Түркия, Қытай Әзірбайжан елдеріне экспортталады. Әскери аяқ киім, бас киім, тон сияқты былғары мен жүннен жасалған бірқатар өнімдер негізінен темір жол, шекара қызметі, қорғаныс, құқық қорғау салалары қызметкерлеріне арналған. Одан басқа кәсіпорын жүн жуып, киіз басып киіз үй де жасайды. Қаңқасы темірден дайындалған киіз үйлердің бағасы шамамен 370 000-460 000 теңге аралығында. Жуырда мұнда қаңқасы ағаштан әзірленген нағыз киіз үйлерді шығару қолға алыныпты. Бірақ, олардың бағасын әлі нақтылап үлгермеген. Сонымен қатар, ер-тоқымнан бастап, өзге де ат әбзелдері өндіріс жолына қойылған. Өнімдерін сыртқа шығарып, импорт төңірегінде тәжірибе жинақтап қалған серіктестік басшылығы Еуразиялық экономикалық одақтың артықшылықтарын да тиімді пайдалануға ден қойыпты. Осы одақтың арқасында өнімдерін халқы көп Ресейге шығаруға мол мүмкіндіктер туып отыр. Әлем елдері қазір «жасыл экономикаға», қалдықсыз өндіріске бет бұра бастағаны белгілі. «Ырыс Бақыттың» да өндірісінен еш қалдық қалмайды. Терісін де, жүнін де толық кәдеге жаратып отыр. Жуырда өнім түрін көбейтіп келе жатқан бұл былғары өңдеу фабрикасы өз жанынан қойдың жүнін жуып тазалайтын жаңа цехты іске қосыпты. Жаңа қондырғылардың қуаты бір маусымда сол маңнан жиналатын 600 тоннадай жүнді түгел жуып, толық өңдеуге қауқарлы. Жуылған жүн бүгінгі таңда әлем нарығында үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, бұдан басқа тағы да 5 цехты іске қосып отырған фабрика өзі орналасқан Жамбыл ауылының біраз тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Алғашқы жылдары бизнесті 25-30 миллион теңгемен бастап, жобаға серпін бере алған серіктестіктің бүгінгі қаржы айналымы 250 миллион теңгеге шыққан. Қысқасы, «Ырыс Бақыт» ЖШС ел аумағындағы қой және ірі-қара малының терісін, қой жүнін өңдеп, одан сан түрлі өнім шығарып, отандық әрі шетелдік тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отырған бірден бір үлкен кәсіпорын. Оның өнімдері былғары мен киізден әзірленетін барлық бұйымға жарауда. Шағын ғана ауылда орналасқан үлкен кәсіпорынның болашақ жоспарлары да ауқымды екен.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Қордай ауданы.