«Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы ашылады
«Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы ашылады
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы ашылады. Бұл туралы аталмыш оқу орнының ректоры Дария Қожамжарова мәлімдеді. Ұлтаралық бірлік пен татулықты ту етіп ұстайтын жаңа кафедра алдағы уақытта осы қасиетті қара шаңырақтағы үлкен бір қоғамдық орталыққа айналмақшы. Сондай-ақ, ТарМПИ-да «Бірлігі мықты ел озады» атты өнер фестивалінің гала-концерті өтті. Салтанатты шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жиынға Жамбыл облысындағы ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, оқу орнының ұжымы мен студенттер қатысты. Көпшілік қауым алдымен Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлерінен хабар беретін көрмені тамашалап, ұлттық тағамдардың дайындалу тәсілімен танысты. ТарМПИ ректоры Д. Қожамжарова: «Тұғыры биік тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы әр ұлт үшін ерекше қастерлі, тарихи маңызды қазына екені анық. Мемлекетімізде тұрып жатқан көптеген ұлттар мен диаспоралар осы уақыт ішінде ынтымағы жарасып, татулық бесігінде тербеліп келеді. Рас, қазақ халқы тарихтың жазуыменен елімізге кіріккен көптеген ұлттарға бауырмалдық танытып қана қойған жоқ, оларға барынша демеу болып, қолдау көрсетті. Біздің оқу орнымызда 10-нан астам ұлттың өкілдері сапалы білім, саналы тәрбие алуда. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» дегендей, расында, Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуында «бірлік» категориясы ең негізгі құндылық болып табылады. Ендеше, бірлігі бекем, ынтымағы берік еліміздің асар асуы, шығар биігі көп болғай! Бүгінгі өнер додасында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан жастарға шығармашылық табыс тілеймін!» – деп, фестивальдың мән-маңызына тоқталып өтті. Аталмыш жоғары оқу орнының ұйытқы болуымен өткен студенттер мен облыс өңіріндегі этномәдени орталықтардың өкілдерінің арасындағы өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Үш айға созылған шара қорытындысында түрлі номинациялар бойынша үздіктер анықталып марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік ұлттық дәстүр» аталымына Шығармашылық мамандықтары факультетінің «Мәдени тынығу жұмысы және хореография» кафедрасы, Педагогика факультетінің «Арнайы педагогика» кафедрасы лайық деп танылды. Ал «Үздік ұлттық тағам» номинациясын Тарих-география факультетінің «Философия және саяси әлеуметтік пәндер» кафедрасы, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің «Биология және биологияны оқыту әдістемесі» кафедрасы, Шығармашылық мамандықтар факультетінің «Кәсіптік оқыту және дизайн» кафедрасы қанжығаларына байлады. «Жаратылыстану ғылымдары факультетінің «Химия және химияны оқыту әдістемесі» және «Информатика және Есептеу техникасы» кафедралары, Филология факультетінің «Шетел тілдері» кафедрасы «Үздік ұлттық өнер» номинациясына ие болды. Мерекелік шара соңы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының «Жібек жолы» халықтық-эстрадалық оркестрі, «Көне Тараз» фольклорлық-этнографиялық және «Томирис» би ансамбльдерінің, ұлттық-мәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдарының гала-концертіне ұласты.
«Ақ жол-Ақпарат».