Саясат

Тілеріміз – тыныштық

Тілеріміз – тыныштық

Топтасып ұшқан тырналар діттеген бағытына адаспай жетеді. Қашанда бірліктің соңы сәтті. Тәуелсіз еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістігі – ұлтаралық татулықтың, үндестіктің сәтті жеңісі. Түрің бөлек, тілің басқа деп бөлмеген бауырмал қазаққа көрші, әріптес, дос-жаран болған дүнген жұрты Мойынқұм ауданында да өрбіп, өсіп келеді. Қазіргі уақытта әлемдегі саяси ахуал күрделеніп тұрғаны рас. Ал қазақ елінің қалыбы нашар емес. Себебі, мұндай достық деген қазына қадірленеді. Өскен ауылымыздың өркендеуіне үлес қосу – әркімнің парызы. Менің ұстаздық қызметімдегі ұстанымым – оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Өйткені, бүгінгі оқушы – ертеңгі тұлға. Оның зиялы болуына мұғалім үлкен рөл атқарады. Толеранттылық сөзінің іс-жүзіндегі көрінісі Қазақстандағы жағдай деп ойлаймын. Оны мекен еткен барша ұлттың мәдени, әдеби, саяси, экономикалық дамуына мүмкіндік беріліп, құқығы заңмен қорғалады. Бұл – жиырма бес жылдықтың мәуелі жемісі. Тілеріміз – тыныштық, көк аспанымызда күніміз жарқын болсын. Қауіп-қатерден аман болайық. Көзіміз жыласа, қолымыз сүртетін, қолымыз ауырса, жанарымыз жылайтын тұтас тұлға болуға талпынайық. Біздің ел береке мен бірліктің, мереке мен тірліктің тұрағы болсын.

Роза Хасенова, Бірлік ауылының тұрғыны, мұғалім, дүнген ұлтының өкілі.

Мойынқұм ауданы.