Бір шаңырақ астында...
Бір шаңырақ астында...
Ел бірлігі – мемлекет тұтастығының кепілі. Іргесі берік елдің болашағы жарқын. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің, Д.Қонаев атындағы орта мектеп және лицейдің мұғалімдері мен оқушылардың ұйымдастыруымен «Біз – бір шаңырақ астындағы біртұтас елміз» атты кездесу өтті.
Іс-шарада мекеме директоры Қ. Дәурембеков «Көпұлттылық – біздің елге тарихтың тартқан сыйы. Қазір Қазақстанда 140-қа жуық ұлттың өкілі тұрады. Олардың барлығымен тату-тәтті өмір сүрудеміз» деп атап көрсетсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Шәріпов: «Ел үшін ең маңызды мәселе – ұлт бірлігін сақтау. Әр ұлттың бабадан балаға жалғасқан құндылықтары мен салт-дәстүрлерін сыйлау – алға өрлеуіміздің кепілі. Тәуелсіз Қазақстан халқы бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай Мәңгілік Ел құруға бекем бел байлауда» деп, көпшілікті ұлт мәселесіндегі міндетімізге жауапты болуға шақырды. Сондай-ақ, жиын барысында ауданның Құрметті азаматы Б.Көлбайұлы тарихи-танымдық шаралардың тәрбиелік мәніне тоқталса, славян этномәдени орталығының жетекшісі П.Шубаева ұлттар достығын нығайтудағы Елбасының ерен еңбегіне зор баға берді. Өзінің Қазақстанда тұратынын мақтан етті. Ал ауданның Құрметті азаматы Ш.Рысқұлов: «50 жылдан аса ұстаздық еттім. Бүгінде сабақ алған оқушыларым еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп, ел игілігіне тер төгіп жүр. Қазақстанда туып-өскен өзге ұлт өкілдері атамекендеріне оралса да, Қаратауды туған мекеніндей көріп, қазақ халқының жақсылығын айтып, хат жазып тұрады» деді. Облыстық күрді қауымдастығының өкілі М.Мамедов өзінің Қазақстан азаматы екендігін мақтан ететіндігін жеткізді. Кездесу соңы мектеп өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Камшат Карабаева, аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.
Талас ауданы.