Мәдениет

Мао ЦзЭдунды тамсандырған Меңжамал

Мао ЦзЭдунды тамсандырған Меңжамал

Қазақтың ұлттық биі десе, алдымен Шара Жиенқұлованың есімін ауызға аламыз. Халқының өнерін қайта тірілтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген жан қазақтың осы бір аяулы қызы болған соң, солай деуіміз заңдылық. Сол атақты биші «Би халық өнерінен туындайды» деген екен. Шын сөз. Өнерден кенде қалған халық емеспіз. Әсіресе, би өнерінде. 

Кезінде қазақ биінің көркемдігін қытай көсемі Мао Цзэдунның өзі мойындаған деген дерек бар. Қытай халық республикасының төрағасын тамсандырып, қазақтың өнеріне тәнті еткен бишінің есімі Меңжамал Шаяхметова екен. Мао Цзэдун Меңжамалдың талантына таңғалғаны соншалық, қолына қалам алып, жыр арнапты. Жуырда басылым беттерінен қазақ биінің тарихы мен келешегі туралы мақаланы көзім шалып қалды. Онда қазақ биін қытай еліне танытқан биші Меңжамал Шаяхметова туралы мынадай дерек келтіріліпті: «1951 жылдың өзінде қазақ биінің ҚХР төрағасы Мао Цзэдунды тамсандырып, қолына қалам алдырғанын көбіміз біле бермейміз. Пекин қаласында Меңжамал бишінің «Айгөлегін» тамашалаған Қытай басшысы қатты тебіреніп, жанында отырған ақын Лю Иаузыға өлең жазуды тапсырады. Лю Иаузы сол сәтте-ақ: Жалын ағаш, күміс гүл, Түні жоқ бүкіл аспанның. Әпке-сіңілі, аға-іні, Көрдік биге басқанын. Дөңгеледі Айгөлек, Шығандады асқақ үн... – деп тебірене жырлаған екен. Өлеңге еліткен Мао Цзэдунның өзі де былай деп жыр жазады: Түнеріп ұзақ тұрды түн, Торлап елім аспанын... Бес жүз миллион халықпыз, Қоса алмаған бастарын. Шырқасымен әтештің, Нұрланды асты аспанның. Ән-күйіне бар ұлттың, Бұйтиян сазы қосқан үн Шалқып ақын ерекше, Ағытты жыр тасқынын». Осыны оқығанымда бала кезімде естіген биші Меңжамал жайлы бір әңгіме ойыма оралды. Оның Т. Рысқұлов ауданындағы Жақсылық ауылында тұрғанын, аудандық Мәдениет үйінде өнер көрсеткенін алғаш ұстазым, тарихшы Әлімхан Мақұлбаев айтқан еді. Әлімхан ағай Меңжамал Шаяхметованың Қытайдағы қазақ ұлттық ансамблінде өнер көрсеткенін, оның өнеріне атақты Мао Цзэдунның өзі бас игенін сабақ үстінде талай әңгімелеген. Балалық па, сол сәтте оған онша құлақ аса қоймаппыз. Енді міне, сол жайттар жадымда қайта жаңғыруда. Меңжамал туралы осындай тарихи дерек сақталыпты. Ал оның кейінгі өмірі жайлы мәлімет жоқ. Атақты бишінің елге оралғаннан кейінгі тағдыры туралы бір білсе, Әлімхан ағай білетін шығар деп ұстазыма хабарластым. Ол кісі біраз жайттың бетін ашты. «Меңжамал елге 1958 жылы көшіп келді. Жақсылық ауылында тұрды. Сол жердегі Тельман (қазіргі Қ. Сұлтанбеков атындағы орта мектеп) мектебінде кітапханашы болып жұмыс істеді. Кейін Құландағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын техникумда жастарға би үйретті. Аудандағы мерекелік концерттер Шаяхметовасыз өтпейтін. Аудандық Мәдениет үйі арнайы шақыртып, өнер көрсетіп беруін сұранғанын талай көрдік. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бір қызының оқуға түсуіне мен жәрдемдескенмін. Балаларының тегі Жәмшитов болатын. Қателеспесем, 1970 жылдары қыздарының қолына Алматыға көшіп кетті. Содан кейін әріптестік байланысымыз үзілді», – дейді тарихшы. Көзкөргендер Меңжамалдың өнерін тамсана еске алады. «Мен ол кісіні егде тартқан кезде жолықтырдым. Аудандық кітапханада жұмыс істеймін, кітапханамыз Мәдениет үйінде орналасқан. Мерекелік концертте би билегенін сонда көрдім. Сахнаның сыртында қарапайым ауыл әйелі сияқты еді. Ал билегенде өзгеше күйге енетін, жүзі нұрланып, жасарып кететін», – дейді Бақыт Айтжанова. Негізі Қытайда классикалық биден гөрі ұлттық билер жоғары бағаланады екен. Аспан асты елінен оралған қандасымыз, биші Шұғыла Сапарғалиқызы солай дейді. Сөзінің жаны бар секілді. Меңжамал Шаяхметова да Пекинде қазақтың ұлттық биі «Айгөлекті» билеп, көпшілікті өнерімен тәнті етті емес пе?!

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

 Т.Рысқұлов ауданы.