Денсаулық

Күміс кемпірдің қасіреті

Күміс кемпірдің қасіреті

Көне қаланың көптен бергі тұрғыны Күміс кемпірді көршілерінің өзі бірі біліп, бірі біле бермейді. Жасы келген жалғыз басты жанды ескеріп, елеп жатқандары шамалы. Бүгін кейуана төсегіне тікен төселгендей дөңбекшіп шықты. Торлы терезеден төніп тұратын алқаракөк аспанның жымыңдаған жұлдыздары осы түні қасақана жабағы бұлт жауып, көрінбеуі, жалғыздықтан жапа шеккен жабырқау көңілді одан бетер құлазыта түсті. Бірінші қабаттағы көгершіннің ұясындай жалғыз бөлменің тас қабырғасы тесірейіп, бұрыш-бұрышы үңірейіп, сұсты да үрейлі көрінеді.

Әлден уақытта көз шырымы қинап, әлгінде ғана талықсып барып ұйықтап кеткен екен. Қай-қайдағы түсіне кіріп, шошып оянды. Денесі қалтырады ма, қаңтардың ызғары тигендей дірілдеді ме, бойын белгісіз бір үрей билеп, жүрегі жиі-жиі қағып, төсегінен тұрып кетті. «Марқұм болған жарықтық қосағы тура өңіндегідей қасында малдас құрып отыр. Әңгіме айтқандай... өткен-кеткенді қозғағандай болады. Үні баяу шыққандықтан, кей сөздері түсініксіздеу, анық естілмейді. Соғыс салған жара жаныма батып жүр еді, ол жазылды. Қазір одан құлантаза айығып кеттім дей ме... Жарық дүниедегі жалғыз қимасым едің, бітеу жара болған жан қиналысыңды бұл жақта жүрсем де түсінем дей ме... Екеуміз аз ғана уақыт жұптасып өмір сүріп едік. Тәңірім бір шикі өкпе-шарананы екеумізге көп көрді ме, қимады ғой. Жан-жүректі елжіретіп, көкірек шері тарқайтын, ерніміз жібіп, жөргек исі аңқыған жас нәресте сүймедік... Отты жылдары отассақ та, біріміздің бетімізге біріміз ожырая қарап, «ішәй» дескен жоқ едік дей ме... Саған екі дүниеде де өкпем жоқ дей ме... Енді саған жарық дүниеде қалған қызық жоқ. Бәрін таста, сен қимайтындай ол жақта ештеңе қалмады, менімен бірге бол, менімен бірге жүр... жүр» деп білегінен ұстай берген-ді. Күміс кемпір болса шиыршық ата шегіншектеп бар пәрменімен бұлқына кейін тартынды. Әбүйір болғанда, жандәрменімен жұлқына шығып, әйтеуір шалғай шептегі бауырластар зиратынан топырақ бұйырған шалына ілеспей қалды. Қартайғанда жан тәтті. «Бисмилла, бисмилла» деп ішінен бірнеше рет қайталады. Кәлима айтып, қысқа-қысқа құран сүрелерінен қайырды. «Әруақтар ғой, үйді жағалап, дұға дәметіп жүрген» деп өзіне-өзі дем беріп, өзін-өзі жұбатты. Бүгін көмектесуге көрші келінді шақырып, қазан көтеруді, иіс шығарып, құран оқытып жіберуді ойлады. «Өлі разы болмай, тірінің тірлігі оңалмайтыны» ойына оралып, байыпты бағамдады... Айтқандай, жұма күні жақын қалыпты-ау. Тәңірі тілекке жеткізсе, Айша бибі мен Тектұрмас әулие күмбездеріне тәу етіп, зиярат жасап, құран бағыштауға бел буды. Соңғы күндері түйдей құрдасы – қара кемпірді көрмеген көшелі қартты белгісіз бір мазасыздық биледі. Жүрегі атша тулап, әлдебір жамандықты сезетіндей. Ол күйкі тірлігінің бәрін жиып қойып, құрдасының үйін іздеді. Ары-бері өткен көршілерінен сұрастырып көріп еді, ешбірінен жарытымды жауап алмады. Бір-екі кексе әйелдер өткен жұмада мешіт үйінің ауласынан көргенін, одан кейін бой көрсетпегенін айтты. Дегбірі қашып, тағаты таусылған қарт кейуананың есігінің қоңырауын басты, қатты-қатты есігін ұрғылады. Тым-тырыс. Дыбыс та, қимыл да жоқ. Пәтер ішінде өлі тыныштық орнаған. Жүдә болмаған соң, есіктің жүзіктің көзіндей тесігінен ұзақ сығалады. Осы екі арада есікпе-есік тұратын көршілері жиналып, адам саны қомақтанып біразға жетті. Көршілері бар, басқалары бар, бәрі бір тоқтамға келіп, есіктің тұтқасын қаттырақ тартып еді, тозығы жеткен әлсіз ілгек «сырт» етіп ағытылып кетті. Батылы жетіп табалдырықтан аттағандар бөжей көргендей бүгежектеп бір орнында қалшиып, тұрып қалды. Аядай бөлменің ішін кеңсірікке жағымсыз бөтен иіс кернеп кеткен. Күміс кемпір газ пешінің жанына бір қырындай құлапты. Аппақ қудай шашы жайылып, көзі тесірейген күйі жұмылмай қалған. Есіктен төрге дейін созылған кленка-дастарханда наубайханадан шыққан бөлке нандарды турап, кептіруге жайып тастапты. Бөлменің ішін айналып тұрар, аяқ басар орын жоқ. Бір бұрышта кендір қапшықтың аузы шымши байланып, қатқан, кепкен нандармен толтырылған. Жарықтық нан қымбаттаса аштан қалмайын деді ме, әйтеуір бір ойы болғанға ұқсайды. Бұл үйдегі бір ғажап нәрсе – бірнеше адамға жетерлік шойын қазанға салынған еттің суы сарқылмаған қалпы бүлк-бүлк қайнап, буы бұрқырап тұруы еді. Ал марқұмның өз қолымен тұтатқан газ плитасының көгілдір оты лапылдай жанып, пәтер иесінің әруағын бірнеше тәулік күзетіп тұрғанға ұқсайды. Хақ тағала артында қалған перзенті не туыс-бауыры жоқ, құрық-жалсыз пендесіне періштелері арқылы от жағылып, қазан қайнатылып, мейірім-шапағатын осылай түсірген тәрізді. Отты жылдары хабарсыз кеткен жауынгердің жесірі – Күміс кемпір жасы жетіп, талқаны таусылған күні бақилық болды. Ал сол күні кейуананың есікпе-есік көршісі «іңгәлап» жарық дүниеге жар сала келген нәрестенің шілдехана тойын тойлап жатты... Сол түні көк күмбезінде самсаған сансыз жұлдыздар арасынан көмескі тартқан бір жұлдыз ағып түсті. Сол түні көк күмбезінің самсаған сансыз жұлдыздар арасында жарқырап жаңа туған бір жұлдыз пайда болды. Ақиқат тәңіриясындағы бір анық: өмірдің өшпейтіні, тіршіліктің тоқтамайтыны, ұрпақтың үзілмейтіні осы болар.

Серік Байшуақұлы.

Тараз қаласы.