Әлеумет

Батыл барлаушы

Батыл барлаушы

Аналарды аңыратып, жас баланы жамыратып, қара шаңырақты қаңыратқан қатігез соғыстың қаһары қаншама тағдырды жалмап өтті. Отан қорғау үшін Алаш атырабынан сол соғысқа 1 миллион 200 мың әскер аттаныпты. Сол кездегі халық санына шақсақ, бұл дегеніңіз – әрбір бесінші адам майдан даласында мылтық асынды деген сөз. Солардың жартысына жуығы елге оралмады.

Сондай от пен оқты қатар кешкен Омар Мамраимов 1919 жылы 15 қаңтарда Жамбыл ауданындағы Көлқайнар ауылында дүниеге келген. Дәулетті отбасынан шыққан, жастайынан білімге әуес болып өскен балғын Омар 6 жасында білім аламын, оқимын деп үйден қашып, балалар үйіне барады. Білім алу үшін «ата-анам жоқ, жетіммін» деп қалайда сауатын ашуды көздейді. Есімін сұрағанда – Омар деп жауап берген. Себебі, ата-анасының азан шақырып қойған аты – Әліпбай екен, ал ол есімнің соңы «бай» болып аяқталатындықтан, балалар үйіне қабылдамай қояды деп ойлапты. Сол кездегі жарлылардың көбінің есімі – Омар болған соң, тапқыр бала да сол есімді иемденіп кете барады. Балалар үйіндегі оқуды бітірген соң, ары қарай техникумға түсіп, білімін жетілдіре түседі. Содан 22 жасында соғыс басталып, толарсақтан саз кешкен заманда Отан үшін оттан тайынбай майданға аттанып, әскери барлау бөлімшесінің қатарына алынады. Онда барлаушы ретінде, жаудың әскери іс-әрекеті жайлы Кеңес әскеріне ақпарат жеткізуші болады. Соғысқа 1941 жылы аттанғаннан соғыс біткенше елді жаудан азат ету жолында көп еңбек етеді. Бөлімше командирі болған ол «Сталинградты азат етуге атсалысқаны үшін» және «Германиядағы жеңісі үшін» медальдары және Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған.

Өңіріміздегі мүгедектерге арналған «Қамқор Ана» қоғамдық бірлестігінің президенті Әсия Омарқызы осы Омар Мамраимовтың маңдайына біткен жалғыз перзенті болып шықты. «Әкемізге «Қанша неміс өлтірдіңіз? Соғыс туралы айтыңызшы» деп қолқа салғанымызда, жарытып ештеңе айтпайтын. Сірә, барлаушы жұмысы құпия болса керек. Соғыстағы ерліктері туралы шешіліп тіс жармауының өзі сол қызметіне деген адалдығының көрінісіндей», – дейді Әсия Омарқызы. Омар Мамраимов соғыстан соң бейбіт өмірді қалпына келтіруге атсалысып, әртүрлі шаруашылық саласында басшылық қызметтерде болады. Зоотехник, колхоз бастығы ретінде Жамбыл ауданында біраз тер төгеді. Үйленіп отбасын құрып, 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, оларға жоғары білім алып береді. Бүгінде олардан 14 немере, 20 шақты шөбере тарап отыр. 1991 жылы 19 қазанда дүние салған майдангердің ошағы бүгінде үлкен әулетке айналған.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.