ЗЕҢБІРЕК СҮЙРЕГЕН СОЛДАТ

170

8Кешегі ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен жылдардың жарасы әлі жазылар емес. Қаншама қыршын жас майдан өтінде қаза тапты. Қаншасы аяқ-қолынан айырылып, мүгедек болып оралды. Соғыс өртінен аман оралып, қираған қаланы, құлазып қалған ауылды қайта көтеруге атсалысқан атпал ұрпақтың ауыр бейнетін ешкім ұмытпақ емес. Тарихтың артқан ауыртпалығын арқалап, осынау бүгінгі бейбіт заманды орнатысқан сол аға буынға қанша рахмет айтсақ та жарасады-ақ. Ел басына күн туғанда Отанды қорғауға аттанған ердің бірі меркілік Жолдас Мурзасаимов еді. Төрт сыныптық мектепті тәмамдаған соң машина-тракторлық стансасында жұмысшы болып жүрген Жолдас қызыл армия қатарына 1938 жылы шақырылған. 1939 жылы №128 Қызыл тулы Псков дивизиясының құрамында қыста финдермен болған соғыста Лоймоль бағытындағы шайқасқа қатысады.

9Ұлы Отан соғысы басталар кезде 128 дивизия Латвия және Литва елдері шекараларына таяу ормандағы Сарзе, Симнода орналасқан еді. Соғыстың алғашқы күндерінде-ақ 128 дивизия фашистің 600 танкісі мен бірнеше полкімен бетпе-бет келді. Шайқас 50 шақырым жерді алып жатты. Тұтқиылдан басталған соғыстан дивизия ауыр шығынға ұшырайды. Сол жылғы 15 шілдедегі мәлімет бойынша 1730 адам, 10 танкке қарсы қолданатын зеңбірек, 15 миномёт, 6 әуе зеңбірегі және 1 бронеавтомобиль істен шығады. Ойсыраған дивизия қайтадан үсті-үстіне жаңа күштермен толықтырылады. Дивизия қыркүйек айының басында 54 армияның құрамында Ладого көлінен 10 км оңтүстік жағындағы Липки және Гонтовой деревнясына дейінгі аралықта қорғаныста болады. Бұл жер Невадан 13 км қашықтықта ғана еді. Тарихтан белгілі 1941 жылдың қыркүйек айының басынан 1944 жылдың 27 қаңтарына дейін Ленинград қаласы қоршауда болды. Дивизияға артылған міндет «Өмір жолы» аталған Ладого көліндегі Подейное кемежайынан Ленинградқа дейін баржамен адамдарды, жүкті жеткізу болып табылған. Ол үшін неміс-фашистердің шабуылынан қорғап, Синявино бағытында шабуылға шығып отырған.
1943 жылдың шілдесінде дивизия енді 67 армияның қармағына өтіп Невадан Мгин бағытындағы шабуылға шығады, 1944 жылдың басында Ленинград-Новгород операциясына қатысып фашист-басқыншыларының ізіне түсіп Псковқа дейін шайқасады, ол кезде дивизия шабуылдаушы 42 армияның құрамында болатын. Дивизия 14 ақпаннан 15 наурызға дейін Псков көлінің жағалауындағы Жидилов Бор-Молгово-Обика деревняларының аумағында фашистердің мықтап орналасқан әскерімен қиян-кескі ұрыс жүргізеді. Жеңіс тектен-тек келмейді. Кеңес жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігінің арқасында келген жеңісте шығын да аз емес еді. Қатардағы жауынгер, зеңбірекші Ж.Мурзасимов ұрысқа кірген атқыштар полкының өзінен 207 жауынгер оққа ұшып, 198 солдат ауыр жараланады. 31 наурызда дивизия Черс бағытында шабуылға шығып жаудың Мног өзенінің оң жағалауындағы бекінісін толығымен қиратып, 8 шақырым алға жылжиды.
Дивизия осы жылдың жаз айларында Псков-Островский, Тарту операцияларына қатысып, Псков қаласын фашистерден азат етті. Қаладағы ғимараттарға пулеметтер қойылған, ал үйлердің іргетасын дзотқа айналдырып, мықты бекініс жасаған. Оған баратын жолдарды миналап тастаған. Қалаға шабуыл таң азаңнан басталып, қас қарая қала шетіне келіп кірді. Зеңбірекшілер жаудың дзот құрған нүктелерін дәл атып, көзін жойып отырды. Үш күннен соң дивизия толық құрамымен Великая өзенінің батыс жағалауына өтіп, қаланы жаудан босатты. Тарту операциясында әбден шыныққан кеңес жауынгерлері жаудың ойына келмейтін айла-тәсілге барды. Тіпті, десанттар полкты өзен арқылы арғы бетке байқатпай өткізіп жіберді.
Фашистер осы ауданның маңында қатты қарсылық көрсетті. 1945 жылдың басында 128 дивизия 1 Украин майданының 21 армиясы құрамында Польшаның Пшедбука ауданын жаудан тазартып, одан әрі Германияның Тарнов Гур-Глейвиц бағытында шайқас жүргізеді. 24 қаңтарда Глейвицаны фашистерден босатады. Сонан кейін армияны Оппельнаның солтүстік жағындағы Одераның қорғаныс шебіне ауыстырады. 20 ақпан Нас-Броккут деревнясында (Штрелен солтүстік батысына) танкіге қарсы жойғыш дивизиондық бөлімшелер (ТЖДБ) жаудың қарсы шабуылына тойтарыс бере отырып, зеңбіректен тура оқ жаудырып, фашистің 100-ге жуық солдатын, қару-жарақ қоймасын жойды. Осы ұрыста ерлік көрсеткендері үшін 27 солдат жауынгерлік ордендермен наградталды. Ефрейтор Жолдас Мурзасаимов осында үшінші мәрте жарақат алады.
Дивизия наурыздан бастап Гротткау шығыс ауданына, одан әрі жау әскерін басын көтертпей Фалькенберг бағытына, Нейсеге шабуылдап, фашистердің тобын қоршауға алып тұтқындайды. 7 мамыр күні Прагаға шабуылдап, фашистік басқыншылардан босатып, 10 мамыр күні Яромержға шығады. Жауды жеңген жеңімпаз жауынгерлердің қатарында ефрейтор Жолдас Мурзасаимов та туған елге қайтады.
Кейін бейбіт заманда майдангер ағамызбен талай әңгіме-дүкен құрдық. Ол кісі Луговой стансасының жанында ферма меңгерушісі болып қызмет атқаратын.
– Қанша фашисті өлтірдіңіз? – деп төтесінен кетеміз.
– Соны кім санап жатыр дейсің, шырағым. Командир «ат» дейді – атамыз, «жат» дейді – жатамыз. Менің қаруым – зеңбірек. Жер бауырлап келе жатқан танк көрсем, автоматымды ыңғайлы жерге қоям да, зеңбіректің ұңғысын жауға қаратып, қос қолыммен құлағымды басып, отыра қалам. Будақтап өртеніп жатқан танкіні көріп командирім:
– Молодец Мурзасаимов, – дейді.
– Снаряд тиген шығар, әйтпесе танк жана ма?
– Майдан өмірінің тағы бір қиын сәтін айтыңызшы, – деп қолқа салған бізге сәл үнсіздіктен кейін біздің ықылас қойып тыңдап отырғанымызды іштей сезген ағамыз әңгімесін одан әрі жалғастырады.
– Төрт құбыланың қайсысы деп айырып болмайды, әйтеуір бір жаққа бүкіл дивизия болып жылжып барамыз. Көлікпен, аттылы-жаяулы қару асынған керуен, қоңыр қасқаның божысын ұстап, оған жегілген ауыр зеңбіректі баяу жылжытып, полктың арт жағында келемін. Бір қылжақпастау орыс жігіті жантайып келіп, менің зеңбірегімнің үстіне отырып, аз-кем аяқ суытқысы келгені сол еді, дүние астан-кестен болды да кетті. Әлгінде төбемізден өткен ұшақтан түскен бомба жарылды-ау деймін, қым-қуыт құлақты тұндырған тарсыл-гүрсіл басталып кетті. Бір сәттен кейін аңғардым бомба жарықшақтары тигені бар, тимегені бар солдаттар жер жастанып жатыр. Зеңбіректің үстіне қарғып мінген әлгі солдат автоматын қапсыра құшақтаған күйі басы төмен салбырай сұлапты. Менің қоңырқасқам да құлаған. Жануардың артқы сирағы дірілдеп жатыр.
– Бір мезгілден кейін тірі солдаттар бастарын көтере бастады. Біраз сол жер бауырлаған күйінде қимылсыз қалды. Командир алға жылжуға бұйрық берді. Әскери сап үздік-создық болып жылжып барады. Менімен ісі болған ешкім жоқ. Тұяғын соңғы рет серіпкен қоңыр қасқаға жандары ашыған солдаттар оны мен маған аяушылық сезімдерін білдіріп, баяу алға оза берді. Мен қалып қойдым. Әлгінде ыңырсып жатқандардың да даусы өшкен. Сонау алыстан автоматтың сақылдаған үні келеді құлаққа. Өліп жатқан қарулас достарыма, кәлима айтып, бет сипап орнымнан тұрдым. Басыма бірінші келген сұрақ – «Енді не істеу керек?». Зеңбіректі тастап, жаяу тартып кетсем, әлгі әскери керуенді қуып жетуге қайратым жететін сияқты. Бірақ соғыстың заңдылығы: «Қару-жарағын тастай қашқан солдат та халық жауы» деген сөз санама қорғасындай құйылғаны сондай «зеңбіректі тастап кетсем, мен де халық жауы болам ба?». Әлгіндей аласапыранда ойыма келген алғашқы сезім осы болды.
Не тұрыс бар?! Енді кешіксем, кешкі қараңғылыққа ұрынам. Оның арты қалың орманның су қараңғы соқыр түні. Зеңбіректі өлген аттан босатып, олай-бұлай қозғалтып көріп ем, зіл қара темір, ауыр қозғалады. Ат әбзелінің қайыстарын бір-біріне жалғап, жетектің оңтайлы жерінен өзіме лайықтап «қамыт» жасап, соған жегіліп тартып көріп ем, жоқ манағыдай емес, зеңбірегім орнынан оңай қозғалғандай болды. «Алла, оңда, аруақ, қолда!» деген сөз аузымнан қалай шыққанын білмеймін, зеңбіректі атша сүйреп жылжи бердім. Бір кезде маңдайымның тері көзіме құйылғанда барып, «Уф!» – деп тыныс алдым. Біраз жер жүрген сияқтымын. Несін айта берем, осылай әупірімдеп жылжумен әскери керуеннің ізінен адаспай жүріп келем, келесі демалуда жолдың бүйірінен барлаудан қайтып келе жатқан Коля кезігіп, зеңбіректің артынан итеріп көмектесті.
Зеңбірегімді атша сүйретіп, өз әскеріме қосылғанда әлгі Коля да, қалғандары да, мені қаумалап, менің белуарға дейін батпаққа былғанған кейпімді, термен ойран-асыр болған қара-қожалақ болған келбетімді көріп, алғашқыда тым-тырыс томсырая қарап тұрған солдаттар кенет қарқылдап келіп күлмесі бар емес пе?! Өз еркімнен тыс мен де күлем. Осы күлкіні естіген командиріміз келіп:
– Молодец, Мурзасаимов! Ты – настоящий герой! – деп арқамнан қаққанда буын-буындарым босап, қалай отыра кеткенімді өзім де білмеймін…
Ағамыз соғыстан кейін үйленген Нұрила жеңгемізбен 5 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп өсірді. Барлығы жоғары білімді мамандар. Осы балаларынан өнген 12 немересінен 10 шөбере өсіп келеді. Бұл күнде көздері жоқ, алайда үрім-бұтағы бәйтерекке айналған майдангердің ерлігінің бір парасын Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында сөз қылғанды жөн көрдік.

Ермек Төлеков.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support