Бір тамшы қан
Бір тамшы қан
донор – сырқат үшін бағасыз байлық
Қан тапсыру донор денсаулығына және оның иммундық жүйесіне еш залал келтірмейді, керісінше қан түзілімі жағдайын жақсартып, жаңа, жас жасушалар пайда болады, ағза жасарады. Өйткені, зат алмасу үдерісінің күшеюі көңіл-күйдің жақсаруына да ықпал етеді, асқа тәбет артып, еңбек ету қабілеті толығымен сақталады. Донорларға жеңілдіктер де қарастырылған. Медициналық тексеруден өткен соң және қан тапсырған күндері оларға орташа айлық жалақысы сақталып, жұмыстан босатылады. Егер донор қан тапсырған күні жұмысқа қайта кіріссе, оған басқа күні демалыс беріледі немесе бұл күнді оның қалауы бойынша жылма-жылғы еңбек демалысына қосып алуына болады. Қан тапсыру қауіпсіз. Ол үшін тек бір реттік стерилденген бұйымдар қолданылады. Сол себепті донор індеттен толығымен қорғалған. Яғни, еш уайымдамаса да болады. Донор адам өмірін сақтай алады. Өйткені ол тарту еткен қан операцияларда, бала босану кезінде, күйікте, қан кеселдерінде және басқа да көптеген дерттерде қолданылады. Қан тапсыру үшін донор өзімен бірге жеке куәлігін алып келуі қажет. 18-ден бастап дені сау адамдар ғана донор бола алады. Өкінішке қарай жылдан-жылға донорлар саны азайып келеді. Бұл – өзекті мәселе. Жаз айларында студент жастардың каникулға, ал көптеген донорлардың кезекті демалысқа шығуы бұл істі күрделілендіре түседі. Сондықтан, Тараз қаласы мен аудан тұрғындарын қан тапсыруда белсендірек болуға шақырамыз. Қан құю қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сіздің қаныңыз көптеген вирустар мен кеселдер бойынша тегін тексеріледі, нәтижесінде сіз өз денсаулық жағдайыңыздан ұдайы хабардар боласыз. Әлемде миллиондаған адамдар өз ғұмырында ешқандай кездеспеуі мүмкін донорларға өз өмірінің сақталуымен борышты. Ендеше, өзгеге өмір сыйлағыңыз келсе, донор болуларыңызды сұранамыз.
Гүлбағдат Ахметова, облыстық қан орталығы донорларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі.