Саясат

«Ережеп айында жақсы амалдардың сауабы артады»

«Ережеп айында жақсы амалдардың сауабы артады»

3Данияр Жұмабаев, Орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы:

– Данияр Әлмұхаммедұлы, сәуірдің жиырмасынан бастап барша мұсылман қауымының асыға күтетін Ережеп айы кірді. Осы айдың қасиеті мен ерекшелігі туралы тарқатып айтып берсеңіз? 2– Ережеп – үлкен ай. Алла бұл айда жақсылықты кесек-кесегімен береді. Ережеп хадисте айтылғандай, Алла тағаланың айы болып саналады. Ережеп айы – мұсылманша ай күнтізбесіндегі жетінші ай. Одан кейін қасиетті Шағбан және Рамазан (Рамадан) айлары келеді. Ислам дінінде харам айлар (төрт ай), яғни «тыйым салынған айлар» деп аталатын айлар бар. Солардың бірі – осы Ережеп айы. «Тыйым салынған» деген түсінік бұл айлардың көлемінде бірінші болып соғыс ашуға тыйым салынуы (егер жауы шабуылдағанда қорғану үшін соғысудан бөлек) себебінен және күнәлі істерді істеуге тыйым салынуы себебінен шыққан. Ислам дәуірінен бұрын да арабтар бұл айларда соғысуды үлкен күнә деп санаған. Ал Ислам арабтың бұрынғы қағидасына қарсы шықпаған. Ережеп айының қасиеті туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен артық анық түсінік бола қоймас. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан: «Ережеп – Алла тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Ережеп – мағфират айы, адамдардың күнәлары кешірілетін ай. Сол себепті ол Алла тағаланың айы болып есептеледі. Ал одан кейін келетін Шағбан айы – шапағат айы, бұл айда бараат кеші, ғибадат түні бар. Сол себепті ол – пайғамбарымыздың айы. Рамазан – тозақтан құтылатын, яғни күнәдан тазарып, құлшылық ететін ай. Сол себепті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмбетінің айы болып есептеледі. Көптеген Ислам ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы» немесе «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору» деп те айтылады. – Қасиетті айлардың бастауы болған Ережептің «Рағайып түні» туралы айтып өтіңізші? – Әр жылы әлем мұсылмандары қасиетті Рағайып түнін қарсы алады. Бұл түн – мұсылмандар үшін ең қасиетті түндердің бірі. Осы айдың алғашқы жұма күні Пайғамбарымыздың ата-анасы отау құрып, Алланың елшісі анасының жатырына түскен күн. Бұл түн сондықтан «Рағайып түні» деп аталады. Ережеп айының алғашқы жұма түні Рағайып түні (Ләйләту Рағайып) болып табылады. «Рағайыптың» сөздік мағынасы «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал рағибә «жауһар, құнды, бағалы, ихсан» мағыналарына келеді. Осыған байланысты «Ләйләту Рағайып» тіркесін «Жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түнді адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға мен кешірім тілеп, намаз оқыған. – Миғраж түні де осы айдың еншісінде емес пе? – Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исра және Миғраж оқиғасын миләди 621 жылы Режеп айының 26-сынан 27-сіне қараған түні, дүйсенбіде басынан өткерді. Бұл Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрынғы оқиға. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды. Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады). Одан миғражға – жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі – аяттарын көріп, онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Миғраж – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Алла тағала жеті пайғамбарды миғражбен сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әртүрлі болған. Соның ішінде біздің пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерекше өткен. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. – Ережеп айында көптеген айтулы оқиғалар орын алған дейді. Солар хақында, және осы айда ораза ұстаудың сауабы жайлы тоқталып кетсеңіз? – Ережеп айының бірінші күні Нұх пайғамбар (ғ.с.) кеме жасады. Жетінші күні Нұх (ғ.с.)-тың топан суы басталды. Жиырма жетінші күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғражға көтерілді. Жиырма тоғызы күні хазіреті Осман (р.а.) шаһид болды. Алла тағала Ережеп айында жақсылықты молынан береді. Хадистер бойынша, бұл айдың алғашқы күнінде 1 күн ораза ұстаған адамның кіші күнәлары кешіріледі. Басқа бір хадис бойынша осы айда 1 күн ораза ұстаған адамға 1 жыл ораза ұстағандай сауап жазылады. 7 күн ораза ұстаған адамға тозақ есіктері жабылады. 8 күн ораза ұстаған адамға жұмақтың 8 есігі ашылады. 10 күн ораза ұстаған адамға Алла қалағанын береді. 15 күн ораза ұстаған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі.Ережеп айында нәпіл ораза ұстаудың сауабы үлкендігі жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисінде: «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», – делінген. – Бұл айдағы нәпіл намазының сауабы қандай? – Ережеп айында нәпіл намаз оқу туралы «Ғимадул ислам» деген кітапта «Кімде-кім Ережеп айының бірінші бейсенбі күні 16 рәкат нәпіл намаз оқып, әр рәкатында бір «Фатиха» сүресіне қосып «Ықылас» және «Фалақ», «Нас» сүрелерін оқыса, дүниеден өткенде анасынан жаңа туғандай пәк болар. Қиямет күні тірілгенде шаһидтермен бірге тірілер» деп жазылған. Ережеп айында жасалатын жақсы амалдардың сауаптары артып, күнәлі істерге қатаң тыйым салынады. Ережеп, Шағбан, Рамазан сынды үш қасиетті айды қадірлеу – күнә жасаудан сақтану, ғибадат, құлшылық ету дегенді білдіреді. Мұны өз дәрежесінде түсіне біліп, оны орындауға тырысқан адамға Алла тағала береке береді.

Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».