Қызылорда мен қостанайлықтардың арқасында
Қызылорда мен қостанайлықтардың арқасында
газетіміздің өткен сандарында жазғанымыздай еліміздің әр облысы мен астана, алматы қалалары алдағы күзде өткелі отырған дүбірлі тойға өз тартуларын жасамақ. автобекеттің маңайын солтүстік қазақстан облысы абаттандыруды қолға алды. енді қарахан баба кесенесінің маңайын ретке келтіруге қызылорда және қостанай облыстары елеулі қаржы бөліп, бел шеше кірісті. бұл жұмысты тараздық «жасұлан флора» ЖШС атқаруда.
Мұнда кесенеге келуші қонақтар мен қала тұрғындарының көне тарихи ескерткішке барар жолын кеңейту қолға алынған. Бұған дейін Төле би көшесімен өтіп бара жатқан адам кесенені анықтап көре алмайтын. Біріншіден, оның айналасына қалың ағаш өскен. Екіншіден, оған алып баратын жол да көлік қатынасы үшін тарлау болатын. Оған қоса, кесенеден беріректе, Төле би көшесінің бойында археологиялық қазба мақсатында қоршауға алынған үлкен учаске жататын.
Енді міне, сол ыңғайсыздықтар реттеліп келеді. Ол үшін алдымен кесенеге қатар орналасқан «Динамо» спорт кешені футбол алаңының біраз бөлігі сүріліп, тегістелді. Ол орында алдағы күндері небір тарихи композициялық сәндік дүниелер мен бірнеше гүлзарлар пайда болады. Яғни, кесенеге жұрт Төле би көшесінен басталатын әрі «Жасұлан флора» ЖШС-ның әсем гүлдерімен «көктелген» кең аллеямен жүріп бармақ. Ал жоғарыда айтып өткен қоршаудағы аумаққа дін жанашырлары мешіт салуды жоспарлапты. Ол орында қазір алғашқы қазу және тегістеу жұмыстары басталған. Біз кесене маңында жүріп жатқан жұмыстарды тағы бір мәрте көріп қайтуға барғанымызда үш бригаданың еңбек етіп жатқанын көрдік. Ең алдымен оның аумағынан асқан ептілікпен жерді күрекпен қазып, топырағын сыртқа шығарып жатқан жұмысшыларға көзіміз түсті. Олар археологтар болып шықты. Сол маңда жүрген белгілі археолог, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» тарих-археология бөлімінің меңгерушісі Сауран Қалиевті сөзге тарттық.
– Біздің археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарымыз осы жерде жүргізілуі тиіс құрылыс жұмыстарына байланысты қолға алынып отыр. Яғни, мына біз тұрған орын – Қарахан кесенесінің жан-жағы ежелгі Тараз қаласының орны болып есептеледі. Осы маң археологиялық дүниелерге бай болғандықтан бұл жерге археологиялық сараптама жұмыстары міндетті түрде жүргізілуі қажет. Дәл қазіргі таңда Қарахан кесенесінің тұсында жүргізіліп жатқан сараптама жұмыстары осы жерде қандай да бір көне құрылыс нысаны яки көне замандарда адамдардың жерленген орны болса, соларды анықтап, сараптама жұмыстарын жүргізіп, қайта көму мақсатында жүргізілуде, – дейді ол.
Археологтар қазған жер қайта көміліп, консервацияланатыны белгілі. Бірақ ол жерлерден қандай да бір құнды дүние я болмаса көне құрылыс орны табылса, болашақта ол аумақты музейлендіру керектігі жөніндегі ұсыныстарын жасамақ. Қазір мұнда екі ғылыми қызметкер мен бір лаборант және оннан аса қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы келген жұмысшылар археологиялық қазба және сараптама жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар аллея орналасатын негізгі алқаптың орнынан жер қыртысының беткі қабаттарын аршып қана қоймай төрт жерден ұзындығы – екі, ені бір метр болатын барлау шұңқырын қазып, жердің табиғи қыртысына дейін барған. Сөйтіп құнды дүние кездеспеген соң құрылысқа рұқсат ететін сараптамаларын беріпті. Келесі жұмысшы топ гүлдер егілетін жерге шетелдік тамшылатып суару құбырларын жүргізіп жатыр. Тараздық «Жасұлан флора» ЖШС-ның бас гидротехнигі әрі агрохимия саласының маманы Сембек Малшыбаев бұл технологияның қымбат болғанымен пайдасының молдығын жеткізді. Әрі қайта-қайта ауыстыра бермейсіз. Гүлдерді суару үшін арық-атыздармен су қуалап немесе бұрынғы жаңбырлатып суару әдісімен әуре болмайсың. Үшінші топ гүлзарлардың орнын әзірлеп, құм блоктармен қоршап жатыр. Мұнда 14 құрылысшы жұмылдырылған. Бастысы, бұл жерде жұмыс қызып келеді. Бұйыртса, қаланың ең сәулетті орындарының біріне айналатын бұл гүлзарлармен көмкерілген демалыс алаңы қызылордалықтар мен қостанайлықтардың Таразға тартуы екенін естеріңізге сала кетейік.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.