Батыс мәдениеті – үлгі аларлық қағидат емес
Батыс мәдениеті – үлгі аларлық қағидат емес
ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың облыстық сайлауалды штабтары атқарылып жатқан жұмыстары туралы есеп берді.
«26 наурыздан бері облыстық сайлауалды штабы ҚР Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықовты қолдауға бағытталған шаралар өткізілуде», – деп мәлім етті партияның Қызылорда облысы бойынша облыстық комитетінің жетекшісі Т.Телеубаев. Оның айтуынша, Т.Сыздықовтың сайлауалды баяндамаларында ерекше орын ғасырлар бойы қалыптасқан, халықтар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ететін жалпы адамдық құндылықтарға арналған. Т.Телеубаевтың сөзіне сәйкес, барлық мемлекеттердің ілгері дамуы мен өркендеуінің қозғалтқышы – жастық шағынан адам бойына сіңірілетін сезім интернационализм болып келеді. Қазір халық бейбітшілік пен берекеліктің синонимдері достық пен ізгілік екендігін түсінеді. Жас ұрпақтың санасына біздің еліміздің тарихи мирасы болып келетін дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, үлкендерді құрметтеу және төзімділік қасиеттерін құю қажет. Бұл құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс. Сонымен бірге, адамгершілікке және өнегеге сәйкес келмейтін батыстық мәдениет пен құндылықтардың зияны туралы ұмытпау керек. Қоғамдық идеалдарды батыстық тұтынушылық стандарттардың алмастыруы жастарды «тоғышар тұтынушыға» айналдыруы мүмкін. Тұтынушылыққа құрылған бағдар жастардың бағытын өзгертеді. Осындай ықпалға тап болғандар не нәрсеге өз күшімен қол жеткізуден бас тартып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетке айналдырады. Т.Телеубаевтың айтуынша, үгіт-насихат науқаны кезінде партияның басты назары батыстық мәдениет пен құндылықтардың кері әсеріне бөлініп отырғанын мәлім етті. «Батыс жастары отбасылық құндылықтар, дәстүр, бірізділік, үлкендерді құрметтеу, отансүйгіштік сияқты адамгершілік қасиеттерге мүлде жат тұтынушылық стандарттармен өмір сүріп жатыр. Мұның бәрі рухани нигилизмге үндейтін ашық насихаттың салдары. Мұндай қоғамда өмір сүретін адамдардың өмірлік қағидаттары – жалқаулық және материалдық ашкөздік, толық моральдік жауапсыздық», - деді Т.Телеубаев. Павлодар облыстық комитет жетекшісі Г.Нұғманова мәлім еткендей: «ҚКХП ұсынған ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сайлауалды науқанының жоспарына сәйкес, сайлаушылар арасында үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Үгіт-насихат жұмыстары штаттық жоспарға сәйкес, ешқандай кедергілерсіз өтуде. Жергілікті халықпен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын белсенді түсіндіріп жатырмыз». Сонымен қатар Г.Нұғманова Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасының тезистерін назардан тыс қалдырған жоқ. «Жеңіл ақшаның соңына түсіп, зорлық-зомбылықты ашық жарнамалап жатқан батыстық киноиндустрия мен Интернет ресурстар – қазіргі батыстық теріс мәдениеттің жемісі. Батыстың кемшіліктері, әсіресе мәдениет саласында анық байқалады. Себебі, тұтыну, көп жағдайда, материалдық қажеттілікті қанағаттандыруды өмірдің мәні деп қарастырады. Батыс адамы бірте-бірте адамгершілік құндылықтарын жоғалтуда. Кез-келген әдіспен айналасынан ерекшеленіп, өзіне назар аудартқысы келеді. Батыстық мәдениет бизнестің бір тармағына, ал оның басты шарттары шектеулі материалдық құндылықтарға айналды», - деді ол. * * * Кеше ҚКХП ұсынған Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов «ҚТЖ ҰК» АҚ Локомотив ДЕПО-сы жұмысшылар ұжымымен кездесті. Кездесуді аймақтық штабтың жетекшісі, Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Б.Д. Мажитов жүргізді. Жиын барысында кандидат Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды. Онда кандидат батыстық стандарттар мен тұтынушылық мәдениеттің теріс ықпалына тоқталып өтті. «Батыс мәдениеті – бұл үлгі аларлық қағидат емес, өйткені батыстық құндылықтар, шындығына келгенде, жалған. Тұтынушылыққа деген бетбұрыс жастардың бағдарын өзгертеді. Бұл Батыста дүниеқоңыздық туғызып, материалдық қажеттілікті қанағаттандыруды өмірдің мәні деп қарастыратын құндылықтарды қалыптастыруда», - деп бастады өз сөзін ҚР Президенттігіне кандидат. Кандидат Т.Сыздықовтың пікірінше, «бейбітшілік, адамгершілік, интернационализм – адамзаттың бүгінгі даму кезеңінде басты құндылықтарға айналуда. Өз кезегінде облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Б.Мажитов, республикалық және облыстық сайлауалды штабтардың белсенді насихат жұмыстарын жүргізіп жатқандығын атап өтті. Күн сайын сайлаушылармен кездесулер, таныту шаралары өткізіліп, бұл шаралар республикалық және аймақтық баспа мен электрондық БАҚ-та көрініс табуда. Б.Мажитов атап өткендей, штабта 5 сенімді тұлға және жиырмаға жуық облыстық комитеттің қызметкерлері насихат материалдарын тарату және халықпен кездесуді ұйымдастыру, сайлаушылардың пәтерлерін аралау жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, сайлауалды жұмыста біздің «Коммунист Казахстана» газетіміз, партияның сайты және әлеуметтік желілер, интернет сияқты өзге де қазіргі заман байланыс құралдары кең қолданылуда.