Саясат

Сенімді өкілдердің жұмысына жоғары баға берілді

Сенімді өкілдердің жұмысына жоғары баға берілді

Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабтары жетекшілерінің слеті өтті.

Іс-шараға Президенттікке кандидат Ә.Құсайыновтың барлық аймақтық сайлауалды штабтарының жетекшілері мен қызметкерлері, сенімді өкілдері қатысты. Шараны Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың республикалық сайлауалды штабы аймақтарда жүргізілген насихат жұмыстарының алдын ала қорытындысын шығару үшін ұйымдастырған болатын. Слет барысында Ә.Құсайынов өңірлерде жүргізген жұмыстары жайлы және одан арғы жоспары туралы баяндап берді. Әбілғазы Құсайынов белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлаушылармен жоғары деңгейде кездесулер ұйымдастырғаны үшін аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілері мен сенімді өкілдеріне алғысын білдірді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында бекітілген уақыт аралығында сіздердің қолдауыңызбен өз кандидатурамның үлесіне 132 мың дауыс жинап, тіркеуден сәтті өттім. Осы уақыттан бері ұйымдастырушылық жұмыстар қызу басталып, демалысқа да, мерекеге де қарамастан бірде-бір тоқтаған емес. Жолдың жартысынан көп бөлігін артқа тастадық, енді «сағаттарымызды теңестіріп», үгіт-насихат науқанының қалған уақытында атқарар жұмысымызды одан әрі жетілдіру үшін ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдасам деймін», - деді Ә.Құсайынов. Іс-шара барысында республикалық және аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілері баяндама жасады. Осы орайда республикалық штаб жетекшісі Р.Жоламан ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың сенімді тұлғаларының белсенді жұмысына өз бағасын берді. «Есептік кезеңде мақсаты бір адамдардың берік командасы құрылып, соның күшімен сайлау науқанының бірінші айналымынан, ҚР Президенттігіне кандидатты тіркеу кезеңінен, сәтті өттік. Аймақтарда сайлауалды штабтарды ашу мәселелерін де сіздердің қолдауларыңызбен орынды шеше алдық. Насихат жұмыстарына қажетті көрнекі материалдар жоғары деңгейде әзірленіп, тиісті орындарға уақтылы жеткізілді», – деп атап өтті Р.Жоламан. Сондай-ақ, Р.Жоламан аймақтардағы штабтардың жұмыс нәтижесін көрсететін кейбір сандарды мысалға келтіріп өтті. Р.Жоламанның айтуынша, үгіт-насихат науқаны кезінде республика бойынша кандидаттың 36 билборды орнатылып, 25 мың плакаты ілінді, 10 мың бағдарламасы таратылды. Телеарналарда екі насихат ролигі көрсетіліп, 7 аймақтағы сайлаушылармен 18 кездесу ұйымдастырылды, оған 540-тан аса адам қатысты. Сонымен қатар 214 адамнан құралған сенімді өкілдер командасы құрылды. Сөзін қорытындылай келе, Р.Жоламан алдағы уақытқа жоспарланған міндеттерді айқындап берді. Сонымен қатар слетте кандидаттың Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы сайлауалды штабтарының жетекшілері сөз алды. Аймақтық сайлауалды штаб жетекшілерінің айтуынша, кандидат аймақтарда сайлаушылармен, жұмысшылар ұжымымен бірқатар кездесулер өткізіп, өз сайлауалды тұғырнамасына қатысты сұрақтарына жауап берді. «Солтүстік Қазақстан облысында кандидат жұмысшылар ұжымымен үш кездесу өткізіп, онда экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік тақырыптарына қатысты біраз күрделі әрі өзекті мәселелер көтерді. Атап айтқанда, Ә.Құсайынов «СевКазЭнерго» кәсіпорнының, «Қызылжар су» коммуналдық мекемесінің жұмысшы ұжымымен кездесті. Кездесуде сайлаушылар кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен танысты. Сонымен қатар Әбілғазы Құсайынов аймақтағы штаб жұмысымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді», – деді СҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі Ольга Клишина. «Қостанай облысында кандидат жергілікті жұртшылықпен кездесті. Кездесуге келгендер Ә.Құсайыновқа сайлауалды тұғырнамасына қатысты сұрақтар қойып, оған нақты әрі толымды жауап алды. Облыста жұмыс жалғасып жатыр», - деп атап өтті Қостанай аймақтық штабының жетекшісі Бауыржан Тибеев. Қарағанды облысындағы аймақтық штаб жетекшісі Ақжолова Гүлжан Мұхаметқызы да Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілдерінің белсенді жұмысын ерекше атап өтті. «Біздің өңірде кандидатымыздың сайлаушылармен жеке кездесуі жоспарланбаған, соған қарамастан сенімді өкілдері оның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Аймақтық штаб жұмысының қарқыны да жоғары. Барлық қажетті материалдар қолымызда бар. Жалпы, облыстың барлық аудандарындағы кандидаттың сенімді өкілдері сайлаушылармен жұмысын тиісті деңгейде атқарып жатыр», – деді Гүлжан Ақжолова. Іс-шара барысында аймақтық штабтар өзара тәжірибе алмасып, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына республикалық штабтың заңгерлері мен есепшілері жауап берді. Жалпы, штабтар слетінде кандидаттың аймақтық штабтарының қызметкерлері мен сенімді өкілдерінің белсенді жұмысына жоғары баға берілді.