Денсаулық

байлықтың үлкені – ынтымақ

байлықтың үлкені – ынтымақ

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы тақырыбында Цемзауыт қонысындағы Мәдениет үйінде майдангерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдерінің дөңгелек үстел жиыны өтті. Көпшілігі еңбек ардагерлері болып табылатын аға ұрпақ өкілдері өздерінің басынан өткен тарих сабақтарынан сыр тарта отырып, Қазақстанның бүгінгі жеткен биік белестерінің негізі елдегі тұрақтылық пен ұлттар достығының арқасы екенін баса көрсетті.

– Кеңес халқының мызғымас бірлігі кешегі қан кешуде жеңіске жеткізді, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Карпович Иркин. – 1943 жылдан 1-Беларусь майданының құрамында 15-танк бригадасының 1-танк батальонында көптеген ұлт өкілдерімен иықтаса соғыстым. Ол кезде ұлтқа бөліну деген жоқ, бәріміз біртұтас кеңес халқы ретінде ортақ Отанымызды жаудан қорғадық. Осындай ынтымақ қай кезде де керек. Бар байлықтың негізі ел ішіндегі сүттей ұйыған ынтымақта. Ұрпағымыз осыны ұмытпаса екен. Еңбек ардагері Иосиф Коркмазов болса, соғыс жылдары Кавказ халықтарын Қазақстанға күштеп қоныс аудару кезінде бастан өткерген қиындықтары туралы айтты. Ол кезде тоғыз жасар бала екен. – 1943 жылы қоңыр күзде кавказдықтар Қазақстанға күштеп қоныс аударылды. Олардың қатарында біздің қарашай мен балқарлар да бір түнде пойызға тиелдік те жол тарттық. Қолға іліккендерді ғана алып, туған үйіңді, дүние мүлкіңді қалдырып беймәлім жаққа қоныс аудару қайдан оңай болсын? Баратын жағымыздағы тілі де, дәстүрі де бөлек халық қалай қарсы алады деген дүдәмал ой үлкендерді мазалайды. Оның үстіне алда қаһарлы қыс келе жатыр. Бала да болсам ұлтымыздың басына төнген ауыртпалықты іштей сезінемін. Біздің отбасында үлкен әжем, әкем, шешем және үлкеніміз он бес, кішіміз екі жастағы алты баламыз. Әлі есімде, бір эшелон қоныс аударылғандарды Фрунзеден жан-жаққа бөлді. Көбі Қырғызстанда қалды. Біразы ат арбалармен Қордай өңірінің Георгиевка, Успеновка, Благовещенка, Красногор, Қасық ауылдарына жеткізілді. Алғашқыда өте қиын болды. Айналадағының бәрі бөтен – табиғаты да, адамдары да жат. Бірақ, «Адам сөйлескенше, ат кісінескенше» демей ме, біртіндеп жаңа ортаға бой үйрете бастадық. Бізде балалық болмады, ерте есейдік. Сол кезде қазақ халқының кең пейілі мен жан-жақты қамқорлығы болмағанда тірі қалып адам қатарына қосылуымыз неғайбыл еді. Өздеріне жетпей жатқанымен, балаларының аузынан жырып біздерді асырады. Аядай үйлерінің бір бұрышына паналатты. Қазақстан – біздің екінші Отанымыз. Мұнда қазақ, орыс, дүнген, әзірбайжан, түрік ұлттарынан көптеген достарым бар. Бір туған бауырдай болып кеткенбіз. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» демекші, біз ұлтымыздың басына қасірет төнген кездегі қазақ халқының жақсылығын өмірі ұмытпаймыз, балаларымыз бен немерелерімізге де осылай айтып келеміз, – деді ұлты қарашай Иосиф Магомедович. Дөңгелек үстел басында, сондай-ақ, ұлты кәріс Людмила Досымбекова, қазақ Кәрім Сүлейменқұлов, Бақберген Орналин, Дабылбай Сүйінбаев, орыс Валентина Лишенко және басқалары осыдан жиырма жыл бұрын құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы тәрізді халықтар бірлігі институты бізден басқа бірде-бір елде жоқ екенін айтып жатты. Елдегі татулық, достық, ынтымақтастық тәрізді құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауды жастарға жүйелі түрде түсіндіріп отыру керектігіне тоқталды. Ақынжанды азаматтар, майдангер Ефим Анишенко мен Зейнеш Әбдімәлікова ұлттар достығы тақырыбына жазған өлеңдерін оқыды. Соңында ауданның Құрметті азаматы Төле Сүгірбай дөңгелек үстелді қорытындылап, маңызды тақырыпта байыпты әңгіме қозғаған қатысушыларға алғысын білдірді.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.