Денсаулық

Жан жылуы

Жан жылуы

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «20 қайырымды іс» акциясы аясында Түрік этномәдени орталығының ұйымдастыруымен «Жан жылуы» қайырымдылық ас таратылды. Акцияның мақсаты халықтар достығын нығайту, тағдырдың тауқыметін тартқан жандарға ас таратып, көңілдеріне қуаныш ұялату еді. Аталған шараға аудан әкімі, ақсақалдар, мүмкіндігі шектеулі балалар және мүгедек азаматтар шақырылды. Іс-шараны түрік этномәдени орталығының кординаторы Бинали Тагиров ашып берді. Өз сөзінде жиылған жұртты осы мерекемен құттықтап, өмірде бірлік пен достықтың ең басты құндылық екенін айтып өтті. Осындай бірлігі сүттей ұйыған, көп ұлтты елімізде тұрып жатқанына ризашылығын білдірді. Аудан әкімі Бахытжан Нүркенов жиналған көпшілік пен ұйымдастырушыларға шын жүректен алғысын білдірді. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Саруархан Зәуірбеков қайырымды шараның ел ризашылығына жасалғанын, түрлі этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүруі ел мақтанышы деген сөздерімен өрнектеп алғысын білдірді. Қайырымдылық шара барысында 650-ден аса аудан тұрғындарына ас таратылды. Қонақтар астан дәм татқан соң, түрік этномәдени орталығының өнерлі жастары ұйымдастырған көңілді концерттік бағдарламаны тамашалады.

Жамиля АҚБЕРГЕН.

Шу ауданы.