Қаржы игеру қандай денгейде?
Қаржы игеру қандай денгейде?
Облыстық аппарат кеңесінде өңір бюджетінің биылғы бірінші тоқсандағы орындалуы, салық түсімінің көрсеткіші және қызметі тоқтатылған заңды тұлғаларды әділет органдарынан тіркеуден шығару бойынша атқарылған жұмыстар кеңінен сөз болды.
Бірінші мәселе бойынша облыс әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары Б. Әкек хабарлама жасады. Оның айтуынша, кіріс жоспары 41 миллиард 157,8 миллион теңге болса, ол 42 миллиард 96,1 миллион теңгеге, яғни, 102,3 пайызға артығымен орындалған. Сондай-ақ, меншікті кірістер де 949 миллион теңгеге немесе 111 пайызға артығымен орындалып отыр. Ал шығыс қаражатының 1 миллиард 394 миллион теңгесі игерілмеген. Жалпы, облыс бойынша қаржыны игеру көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,4 пайызға артқан. «Жергілікті бюджет қаражатының игерілуі бойынша мынадай көрсеткіштер қалыптасты: Байзақ ауданы бойынша – 99,5, Меркі ауданы бойынша – 99,3, Шу ауданы бойынша – 99, Жуалы ауданы бойынша – 98,7, Қордай ауданы бойынша – 98,6, Жамбыл ауданы бойынша – 98,3, Талас ауданы бойынша – 94,6, Т.Рысқұлов ауданы бойынша – 94,4, Тараз қаласы бойынша – 94,3, Мойынқұм ауданы бойынша – 93,7, Сарысу ауданы бойынша 93,4 пайыз» деген басқарма басшысының орынбасары олардың ең көп қаражатты игермей отырғандарына тоқталды. Атап айтқанда, Тараз қаласы 298,4 миллион теңге, Талас ауданы – 89,1 миллион, Т.Рысқұлов ауданы – 80,7 миллион, Сарысу ауданы – 77,1 миллион және Мойынқұм ауданы 61,6 миллион теңге қаржыны игермеген. Сондай-ақ, облыстық бюджеттің қомақты сомасын игермей отырған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық дамыту басқармаларын да атап көрсетті. Облыс басшысы К. Көкірекбаев аталған аудандар әкімдері мен басқарма басшыларынан қаржы игеруде жіберіп отырған олқылықтарының себебін жеке-жеке сұрап шықты. Ал облыс бюджетіне түскен салықтың есебі туралы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы А. Тынысбеков әңгімеледі.
– 2015 жылдың І жартыжылдығына мемлекеттік бюджетке жоспарланған 12,7 миллиард теңге орнына 13,9 миллиард теңге түсіп, жоспар 109,6 пайызға артығымен орындалды. Оның ішінде, республикалық бюджет түсімі – 106,5 пайыз, ал жергілікті бюджет түсімі 111 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бюджетке 470,2 миллион теңге артық түсіп отыр. Дейтұрғанмен, бірқатар аудандар, атап айтқанда, Шу ауданы – 143,1 миллион, Жамбыл ауданы 11,0 миллион теңге тиісті түсімді орындамаған.
Мемлекеттік сатып алу бойынша жасалған мониторингке сүйенетін болсақ, облыс аумағында жұмыс істеп, алайда, өзге өңірде тіркелген мердігер компаниялардың салықтық түсімі облыс бюджетіне түспеуде. Соның салдарынан облыс біршама қаражаттан қағылып отыр, – деген Асқар Станиславұлы нақты мысалдар келтірді. Жалпы, мемлекеттік кірістерге қарасты барлық мәліметті жіпке тізгендей етіп баяндаған ол нақтылы кезеңде барлық мекеменің салыққа қарызын да түгендеп шықты. Әсіресе, жерді өз мақсатында пайдаланбаудан салық түсімі кеміп отырғанын атап көрсетті. Мысалы, тексеру барысында 20 салық төлеуші өздеріне қарасты жерді автотұрақ ретінде пайдаланып келгені мәлім болған. Алайда, олар өз мақсатында қолданбаған жерлері үшін тиісті 10 АЕК көлеміндегі салықты төлемей келеді. Оларға тиісті жаза қолдану мемлекеттік кірістер департаментінің құзыретіне жатпағандықтан, нақты ешқандай шара қолдана алмауда екен. Жер пайдалануды реттеудегі жұмыстардың ретке келмеуі салдарынан жыл сайын 5-6 миллион теңге қаражат көзден ғайып болуда. Сонымен қатар, А. Тынысбеков облыс аумағында құрықталған «көлеңкелі кәсіп» иелері мен оларға қатысты қолданылған шараларға тоқталды. Облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы А. Қырықбаев жоғарыда атап өткеніміздей, қызметі тоқтатылған заңды тұлғаларды әділет органдарынан тіркеуден шығару бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап шықты. – Коммуналдық меншіктегі жұмысын тоқтатқан заңды тұлғаларды бірыңғай мемлекеттік тіркеуден шығару жұмыстары 2008 жылдың қаңтар айынан басталған болатын... Аталған уақыттан бері басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерімен бірқатар іс-шаралар атқарылып, жұмысын тоқтатқан 202 заңды тұлға тіркеуден шығарылды. Қазіргі уақытта таратылуға жататын 63-і қалып, түрлі себептермен бірыңғай мемлекеттік тіркеуден шығарылмай отыр. Шу, Меркі, Жуалы және Байзақ аудандары жұмысын тоқтатқан заңды тұлғаларды бірыңғай мемлекеттік тіркеуден толығымен шығарды. Қалған қала, аудан әкімдіктері мен облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тіркеуден шығару жұмысын тиісті деңгейде атқармай отыр. Оның ішінде, Тараз қаласында – 20, Сарысу ауданында – 4, Талас ауданында – 3, Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарында – 2, Қордай және Мойынқұм аудандарында бір-бірден, денсаулық сақтау басқармасында – 4, ішкі саясат, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларында – 3, білім басқармасы мен құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларында – 2, сәулет және қала құрылысы басқармасында бір ұйым тіркеуден шығарылмай отыр, – деді қаржы басқармасының басшысы. Облыс басшысы орын алған кемшіліктерді шұғыл жоюға, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға тапсырма берді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».