Дұрыс сараланбаған, артық жоспарланған...
Дұрыс сараланбаған, артық жоспарланған...
АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясында өткен кеңесте өсімдік қорғау, өсімдіктер карантині және мал тұқымын асылдандыру салалары бойынша атқарылған жұмыстар қорытындысы мен үстіміздегі жылға қойылған міндеттер қаралды.
Облыстық өсімдіктер карантині жөніндегі бас мемлекеттік инспектор Сержан Бексұлтанов биыл өңірімізде карантиндік арамшөптер мен зиянкестерге қарсы республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржыға қандай химиялық өңдеу жұмыстары атқарылатындығын таратып айтып берді. Оның ішінде 86783 гектар жатаған укекіреге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген. Осы уақытқа дейін осындай көлемдегі жұмыс бір маусымда атқарылмаған екен. Жоспарланған жердің 58180 гектарына өңдеу жүргізуге мүмкіндік бар. Осы жұмыс барысында бірқатар аудандарда әдістемелік-болжамдау орталығының мамандары тарапынан көптеген кемшіліктер анықталыпты. Атап айтқанда, 28603 гектар жер дұрыс сараланбағандықтан артық жоспарланып кеткен. Астық инспекциясы және өсімдік қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы Елеусіз Атамбаев өткен жылы аса қауіптілер қатарына енетін зиянкестер мен ауруларға қарсы фитосанитарлық іс-шаралар барысында жоспарланған 86200 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, Үкіметтен бөлінген 78,9 миллион теңге қаржы толықтай игерілгендігін атап айтты. Биыл бұл жұмыстар 107290 гектар алқапта жүргізілмек. Кеңес барысында асыл тұқымды мал шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстар да тыңдалды. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңнама талаптарының орындалуы жайлы ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рыскүл Мырзабекова хабарлама жасады. Инспекция басшысының бұйрығына сәйкес осыған қатысты арнайы жоспар да бекітіліпті. Дегенмен, өткен жылы Меркі, Қордай, Жуалы, Жамбыл аудандарында төрт мемлекеттік қызметші «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заң талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. Ал биыл ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыс бойынша департаменті тарапынан облыстық аумақтық инспекция мен оған қарасты құрылымдарда мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамалардың және Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуына жоспарлы тексеру жүргізіліп, нәтижесінде үш адамға тәртіптік жаза қолданылған. Аудандық, қалалық аумақтық инспекция басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды ширату керектігі ескертілді.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».