Мәдениет

Бурылдықтарға бес бас жүлде бұйырды

Бурылдықтарға бес бас жүлде бұйырды

«Өнерлі өрге жүзер» демекші, Бурыл орта мектебі өнердің қайнаған ортасы десек те болады. Бұл мектеп оқушыларының түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындардан көрінуі дәстүрге айналған. Жуырда мектеп директоры Г.Әлімбекованың басшылығымен Алматы қаласында өткен «Бейбітшілік әлемі» халықаралық дарынды балалар мен оқушылар фестиваліне мектебіміздің оқушылары қатысып қайтты. Байқауда түрлі аталымдар бойынша талантты оқушыларымыз биік тұғырдан көріне білді. Мәселен, 11-сынып оқушылары Нұрбол Медетбеков «Дәстүрлі күй-өнер», Әсем Егізғараева «Патриоттық әндер», Дархан Оршыбеков «Лирикалық әндер» аталымдары бойынша бас жүлдені қанжығаларына байлап қайтты. Дарынды оқушыларды байқауға дайындаған музыка пәнінің мұғалімі Күлпан Баймаханбетованың еңбегі орасан екенін атап өтпеске болмас. Сонымен қатар, «Ғылыми жоба» бойынша 9-сынып оқушысы Даниярбек Ескендір мен «Ақындық өнерден» қатысқан 9-сынып оқушысы Мағжан Әзімбаев та бас жүлде алды. Сондай-ақ, «Көркемсөз оқу» номинациясы бойынша жас дарынымыз 5-сынып оқушысы Зарина Саттар І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Талаптыға нұр жауар» демекші, осындай түрлі байқауларда топ жарып, өнерімен қияға қанат қаққан оқушыларымыздың алар асуы мен басар белесі әлі алда деп сенеміз.

Гүлжан Көпжасарова, Бурыл ауылдық ыңғайластырылған клубының меңгерушісі.

Байзақ ауданы.