Спорт және туризм

Ғаламға таныл, тоғызқұмалақ!

Ғаламға таныл, тоғызқұмалақ!

2

ұлттық ойынымыздан өткен әлем чемпионатына 23 елдің спортшысы қатысты

Қазақтың төл спорты тоғызқұмалақтан ару қала Алматыда әлем чемпионаты дүрілдеп өтті. Елдің қызығушылығын тудырған айтулы аламанға әлемнің 23 елінен 28 спортшы қатысып, өзара кім мықтыны анықтады. Тоғызқұмалақтың классика, рапид, блиц деп аталатын түрлері бойынша ұйым­дастырылған айтулы сынға жамбылдық спортшылар қатысқан жоқ. Өйткені, жолдама саны шектеулі. Додада өзгелерден озық болған қазақстандық спорт­шылар алты алтын, төрт күміс, бір қоламен жалпы командалық есепте топ жарса, Алатаудың ар жағындағы айырқалпақты ағайындар екі күміс, үш қоланы місе тұтып, екінші сатыдан көрінді. Сонымен қатар, Германия елінің тоғызқұмалақшылары қос қоланы қоржындарына салғанын да айта кету керек. Бұл біріншілікте қызылордалық Хәкімжан Елеусінов екі дүркін әлем чемпионы атанғанын да тілге тиек еткен ләзім. Алматыдағы додаға Кариб теңізінде орналасқан Антигуа және Барбадуадан да спортшылар қатысты. Айталық 34 жастағы Симон Тревон Делвин Роуан тоғызқұмалақтан әлем чемпионатына екінші рет қатысса, Африка құрлығындағы Гана мемлекетінің өкілі Абубакир Ибрахим бұл спорт түрінен алғаш рет халықаралық жарысқа келген. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Симон Тревон: «Бұл –менің тоғызқұмалақтан қатысқан үшінші жарысым. Астана мен Чехияда өткен әлем чемпионаттарында ойнағанмын. Астана мен Чехияда болған жарыста 20-ға жуық матч өткізіп, барлығында жеңілгенмін. Алматыда нәтижем сәл жақсарды. 18 матч өткізіп, бір ойында жеңіске жеттім», – дейді. Сонымен қатар сырттан келген спортшылар өз елдерінде бұл спортқа үлкен қызығушылық бар екенін де айтып қалды. Естеріңізге сала кетейік, тоғызқұмалақтан жыл сайын облыстық «Ақ жол» газетінің турнирі де тұрақты өткізіліп келеді. Бұл да ұлттық спортқа деген жанашырлық болса керек.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».