Құқық

Жалған ақпаратқа жол берілмейді

Жалған ақпаратқа жол берілмейді

Кеше М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бас ғимаратында ҚР Президенті сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстағы филиалында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өтті. Оған аталған комиссияның мүшесі, «7 арна» директорлар кеңесінің төрайымы, республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай арнайы қатысты.

Брифинг жұмысын ашқан ҚР Президент сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының төрайымы Парида Мамедова іс-шараның мақсатына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде облыс аумағында 461 байқаушы тіркелген. Байқаушылар мен штаб арасында байланыс орнаған. Сондай-ақ, ол қоғамдық комиссияның облыстағы филиалы байқаушыларға түсіндіру жұмысын жүргізе отырып, сайлау барысы заңға сәйкес, талаптарға сай жүргізу керек екендігін басты назарда ұстайтындығын айтып өтті. Ал өз кезегінде сөз алған республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі Бибігүл Жексенбай журналистермен Әулиеата жеріне келгендегі мақсат-мұратымен бөлісті. – Жамбыл жеріне келудегі негізгі мақсатымыз – еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауына орай арнайы құрылған республикалық бақылау комиссиясының жұмысын кеңірек айтып беру және аймақтық бақылау комиссияларының жұмыстары туралы ақпарат жинау. Өздеріңізге белгілі 2005 жылы Азаматтық альянс жанынан сайлауларды бақылау республикалық комиссиясы құрылған болатын. Осы 10 жыл ішінде бұл комиссия үлкен тәжірибе жинақтады және осы кезектен тыс Президенттік сайлауға да кеңінен атсалысып жатыр деп айтуға болады. Қазір осы сайлаудың жұмысын бақылауға он мыңнан аса байқаушылар қатысуда, – деген Б.Жексенбай бұған дейінгі өткен сайлауларда көбіне шетелдік байқаушылардың белсенділік танытып келгенін де жасырмай айтып өтті. Оның айтуынша, байқаушылардың қоғамдық комиссиясының құрылуына байланысты бұдан былай еліміздің азаматтарынан құралған байқаушылар да сайлаудың әділ де ашық өтуі үшін үлкен белсенділік танытатын болады. – Бүгінге дейін барлық аймақтарда құрылған комиссия мүшелері жалпы олардың міндеттері мен мақсаттары қандай, қандай құқықтары бар екендігі туралы толық ақпарат алды. Әрбір аудан, ауылдарда өздерінің өкілдері жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, дәл осы сайлаудың ойдағыдай, сәтті, әділ де ашық өтуіне өзіміздің әріптестеріміз, азаматтарымыз толыққанды атсалысуға мүмкіндік бар, – дейді Б.Жексенбай. Сондай-ақ, ол комиссия халықтың сайлау туралы сауатының төмендігі салдарынан туындап жататын заңсыздықтар мен кемшіліктердің алдын алып, халықтың сайлауға сауатты түрде қатысуына мүмкіндік жасайтындарын да атап өтті. «Бас редакторлар клубының» президенті ретінде Бибігүл Жексенбай сайлаудың өту барысы жайлы ақпарат таратуда БАҚ басшылығы жалған әрі жеңіл пиарға бой алдырмайтынын да жеткізді. Бұл бағытта республикалық көлемде бас редакторлармен бірге арнайы хартия қабылданғанын айтты. Яғни, журналистер де кәсіби этиканы сақтай отырып, заңсыздықтарды болдырмау мақсатында сайлаудың әділ өтуіне атсалысуы керек деген ойын топшылады. Сонымен қатар, байқаушылар сайлау күні әр екі сағат сайын штабқа мәлімет беріп отырмақ. Ол үшін олар ақпаратты мүмкіндігінше жедел жеткізу мақсатында телефон байланысы және интернет желілерімен қамтылған.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».