Заңдылық ҚАТАҢ қадағаланады
Заңдылық ҚАТАҢ қадағаланады
Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу бойынша құрылған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмысы Орталық және облыстық сайлау комиссиялары бекіткен жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сайлауға дайындық кезеңіне белгіленген күнтізбелік жоспарымыз бар. Сол бойынша 28 ақпанда сайлау учаскелерінің шекаралары, 3 наурызда сайлау комиссияларының құрамы анықталып жергілікті газетте жарияланды. Аудан бойынша 51 сайлау учаскесі құрылды. Бұған дейінгі сайлауларда 49 сайлау учаскесі жұмыс істеген болса, тұрғындар санының артуына байланысты Масаншы және Сортөбе ауылдық округтерінде жаңадан екі учаске ашылып отыр. Гвардияшылар әскери қалашығында орналасқан бір сайлау учаскесі жабық учаске саналады. Мен Елбасының алғашқы сайлауынан бастап аудандық аумақтық сайлау комиссиясына жетекшілік етіп келемін. Сондағы жинаған тәжірибеме сүйеніп бұл жолы да сайлаудың қатаң түрде заңдық нормаларға сай өткізілуін ұйымдастыруға бар білігімді арнаудамын. Сайлау учаскелеріндегі 357 комиссия мүшелерінің де көпшілігі бұрынғы сайлаулардан тәжірибесі мол адамдар. Аудан бойынша 61121 сайлаушының тізімі 5 сәуірде аумақтық комиссияға тапсырылып, сәуірдің 10-ынан жұрттың танысуы үшін сайлау учаскелерінде ілініп қойылды. Бұл тізімге кірмей қалған сайлаушылар түгенделіп, сондай-ақ сайлау күні іссапарға шығатындары анықталу үстінде. Барлық сайлаушылардың 3060-ы – биыл алғаш рет дауыс беретін жас сайлаушылар. Олармен сайлау тәртібін түсіндіру бойынша арнайы жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, сайлау заңдылығы тақырыбында аумақтық комиссия тарапынан аудан әкімдігінің, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен тоғыз мәрте семинар өткізілді. Оның төртеуі шалғай ауылдық округтерде көшпелі семинар-тренинг түрінде өтті. Бүгінге дейін бізде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар Әбілғазы Құсайыновтың бір және Нұрсұлтан Назарбаевтың 153 сенімді өкілі тіркеуден өтіп, тиісті куәліктері берілген. Осы аптада ауданымызға келген ОБСЕ-нің халықаралық бақылаушылары: Германия азаматы Бригитте Франциска Хоер және норвегиялық Даг Халлесунд бірқатар сайлау учаскелерінде болып, сайлау комиссияларының дайындығын көріп қайтты. Бізде сайлауды заңдық талаптарға сай өткізуге барлық шарт түзілуде. Сайлау учаскелеріне анықтағышы бар телефондар қойылған, дауыс беру кабиналары мен бюллетеньдер салынатын урналар да дайын. Аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау учаскелеріне жиі барып, сайлаушылардың дауыс беруін белгіленген ережеге сай өткізілуіне дайындау бойынша кеңес беріп, оның орындалуын қадағалап тұрады. Сондай-ақ, аудандық аумақтық комиссияның шешімімен дауыс беру ерте аяқталуы мүмкін шалғайдағы шағын тоғыз сайлау учаскелерінің тізімі анықталып, оларда дауыстарды санау дауыс беру аяқталған бойда басталуы заңдастырылды. Сонымен қатар, сайлау күні құқық қорғау органдарының жүзден аса қызметкері дауыс берудің заң аясында өтуін қадағалайтын болады.
Сманалы Тұрғынбай, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
Қордай ауданы.