Мәдениет

Ақын ағынан жарылған күн

Ақын ағынан жарылған күн

ҚазҰУ студенттері жерлесіміз Үміт Битеновамен сұхбаттасты

Қаратау ғазалдарын өн бойына дарытып, нәзік лирикасымен жүректерге жол тапқан ақын Үміт Битенова Алатау баурайындағы әдеби қала Алматыда студенттермен кездесті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасы аясында жамбылдық ақын жас жеткіншектермен емен-жарқын әңгімелесіп, сыр бөлісті. Жыр оқыды. 

Экономика және бизнес жоғары мектебі факультетінің студенттер деканаты ұйытқы болған шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баян Ермекбаева бастаған ғалымдар мен ұстаздар қауымы, Дана Маханбаева, Сержанәлі Әлібек, Ербол Спаналиев секілді әншілер, композиторлар және әдебиетке жаны жақын жандар қатысты. «Біз» студенттер театры ақынның жауһар жырларын нәшіне келтіре оқып, қойылымдар көрсетті. Әдеби шара барысында ақынның өзі де, отағасы, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, ұлдары Бағлан мен Зияраттар көпшілік қойған сауалдарға жауаптар берді. Көкейлерінде жүрген ойларын айтты. Эстрада жұлдыздары Мадина Сағынбекова «Ақ қанат көбелек аппақ қар», «Гүл сыйлашы маған» (әні Ә.Салабеков), Ғаділбек Жанай «Қыздар-ай, қыздар», «Базар жоқ» әзіл-оспақ театрының актері Аманғали Сыпабеков «Мені ойлап қам жемеші, мама», «Өкпелеме» сынды ақынның сөзіне жазылған әндерді бебеулете шырқады. Соңыра экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Баян Ермекбаева ақынды ҚазҰУ-дың Құрметті мүшесі ретінде тізімге енгізіп, сый-сияпат жасады. Студенттер Үміт Битеновадан қолтаңба алып, мәре-сәре болды.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».