Әйгерімнің арманы
Әйгерімнің арманы
Әйгерімнің арманы көп. Сырқатқа шалдыққандарға әлеуметтік қолдау көрсетілсе, олар таршылық көрмесе дейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескісі, жалпы айтқанда, қоғамның мүгедектерге деген көзқарасын өзгерткісі келеді.
Өйткені, өзі де жастайынан қант диабетімен ауырып, дерттің зардабын тартқан. 13 жасында ІІ топтағы мүгедектер қатарына қосылды. Болашақ туралы қиялға беріліп, ойнап-күліп жүретін қамсыз шағында көңілін мұң торлады. Жаны жабықты. Әйтсе де, еңсесін түсіріп, езілген жоқ. Тағдыр сынағына қарсы тұрып, қиындыққа мойымады. Мектеп бітіргенде кезекті медициналық тексерулерден өтіп жүріп, «Мүгедек жастар қоғамы» деген ұйым барын естиді. Алғашында қызығушылық таныта қоймайды. Кейін іштей бір байлам жасап, сол жерге барып көрмек болады. Иә, «жүре берсең, көре бересің» деген осы шығар. Әйгерім «Мүгедек жастар қоғамына» барғанда, тағдырдың теперішін көріп жүрген жалғыз өзі еместігіне көзі жетеді. Бәрі де өрімдей жастар, кейбіреуі оқыстан осындай халге душар болған, екіншісінің туабітті дерті бар екен. Ұнжырғасы түсіп, өмірге налып жүрген бірі жоқ. Керісінше, қай-қайсысы да кісіге көмектесуден тартынбайды екен. Әйгерім Омарова осы қоғамдық ұйымда волонтер болып жұмыс істеп жүргенде Ержан Татищев атындағы қордың білім гранты жайлы естіп, осы мүмкіндікті пайдаланып көруге бел буады. Бағы бар екен. Грант иегері атанады. Сөйтіп, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне оқуға қабылданып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Ол қайтпас қайсарлығының арқасында 2013 жылы қалалық «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» байқауында «Кәсібінің үздігі» аталымының жеңімпазы атанды. Облыстық жарыста үздік үштіктің қатарынан көрінді. Мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жазғы демалыс кезінде балалар лагерінде аға тәлімгер болып, түрлі шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Әйгерім қоғамдық шаралардан да шет қалған емес. Былтырдан бері «Гемадиализ» мүгедектер қоғамының төрайымы қызметін қоса атқаруда. Бірлестік бүйрек және қант диабетіне, қатерлі дертке шалдыққандарға көмек көрсетеді. Сырқат жандарға әлеуметтік көмек көрсету үшін емдеу мекемелерінде ашық есік күндерін, түрлі шараларды ұйымдастырады. Соның бірі – №2 Тараз қалалық ауруханасында өткен «Рахмет сізге, дәрігер!» акциясы. «Мүмкіндігі шектеулі жандар материалдық көмек өз алдына, әлеуметтік және рухани тұрғыда қолдауға зәру», – дейді Әйгерім Омарова. Сырқаттың салдарынан бір рет өлім аузынан қалған қайсар қыз өмірге құштар. Қанша дегенмен, оң мен солын таныды, жиырма сегіз жасқа толды. Өңірімізде Әйгерім секілді өмірді сүйетін мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Деректерге сүйенсек, облысымызда 41139 мүгедек бар екен. Оның 4965-і 18 жасқа толмаған. Былтыр мүгедектерді оңалтуға аймақтық бюджеттен 268,7 миллион теңге бөлініпті. Соның арқасында 3174 мұқтаж азамат оңалту құралдарына қол жеткізген. 130,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, 1556 адамға емдеу-сауықтыру нысандарына жолдама берілген. 68,7 миллион теңге қаражат мүгедек балаларды үйде оқытуға жәрдемақы ретінде жұмсалды. Жеті мыңға жуық кемтар жан әлеуметтік көмекпен қамтылған. Ал биыл осы мақсаттарға 304,7 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Шынар Қайратқызы.